Бұған қатысты ҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев түсініктеме берді.
Сауалнаманың нәтижесі бойынша, I тоқсанда негізінен шағын және орта бизнес есебінен кредитке бизнес тарапынан сұраныс тоқсаннан тоқсанға (т/т) төмендеуін жалғастырды.
"Алдыңғы тоқсандағыдай, ШОБ тарапынан сұраныс индексінің сақталып отырған төмендеу үрдісі кредиттік ресурстар құнының жоғары болуының нәтижесінен туындап отыр. Бұдан басқа, ірі банктер атап өткендей, мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырудың уақытша тоқтатылуы да өз әсерін тигізді", – деп атап өтті маман.
Кейбір банктерде скорингтік модельдер негізінде ШОБ үшін кепілсіз кредиттік өнімдер бойынша несиелік өтінімдер саны өсуін тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде ШОБ-тың кредиттік өтінімдерінің жалпы саны, тиісінше, 546 мыңға дейін 7%-ға (т/т) және 6,4 мыңға дейін 21%-ға (т/т) көбейді.
"Ірі бизнес субъектілерінің кредитке сұранысы, көптеген банктердің мәліметтері бойынша, алдыңғы тоқсандағы деңгейде қалды. Бұл ретте кейбір банктер ірі клиенттердің үлкен тобының өтініштеріне байланысты біржолғы өсімнің бар екенін атап өтті. Соның әсерінен ірі бизнестің кредиттік өтінімдерінің жалпы саны 254-ке дейін 20%-ға (т/т) өсті", – деп атап өтті Ұлттық Банк өкілі.
Шағын бизнес бойынша кредиттік өтінімдерді мақұлдау үлесі алдыңғы тоқсандағы 39% деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда орта бизнес үшін 3%-ға және ірі бизнес үшін 25%-ға төмендеп, орта және ірі бизнес бойынша 48%-ды құрады.
Банктер есепті тоқсанда бизнес субъектілері үшін кредиттеудің негізгі шарттарын сақтап қалды және айтарлықтай өзгерістер енгізген жоқ. Дегенмен, жекелеген ірі банктер шағын бизнес үшін бірқатар қызметтердің жақсарғанын атап көрсетті.
Келесі тоқсанда көптеген банктер бизнес тарапынан кредитке сұраныс артады деп күтеді. Оған мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруды бастау және қызметтерді жақсарту саласында істелген жұмыстардың нәтижесі ықпал ету керек.