Бизнесті мемлекеттік қолдаудың аудиті: 133 млрд теңге тиімсіз жоспарланған

338

Кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық емес шаралардың әсерін ешкім есептемейді және бақыламайды.

Бизнесті мемлекеттік қолдаудың аудиті: 133 млрд теңге тиімсіз жоспарланған Фото: startups.co.uk

Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 

"Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, қаржылық қолдау шараларын алған жобалардың 64%-ында төленген салықтардың өсімі қамтамасыз етілген. Бірақ олардың барлығы мемлекеттік қолдау есебінен деп айтуға болмайды. Мәлімделген өндіріс іске қосылмай, жабдық әлі де қаптамада болса да, төленген салық көлемі артқан жобалар бар. Бұны кәсіпкердің қолдау шараларын алғанға дейін ретке қойған қызметімен түсіндіруге болады. Қаржылық емес шаралардың әсерін ешкім есептемейді және бақыламайды. Олардың құны мемлекет үшін бәсекелес нарықта кеңінен ұсынылған ұқсас қызметтерден бірнеше есе қымбатқа түседі. Жалпы, мемлекеттік қолдаудың 1 теңгесіне төленген салықтардың көлемі негізінен 1 теңгеден кем келеді", – деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында. 

Аудит нәтижесі бойынша жалпы 133 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы және пайдалануы, 132 млрд теңгеге қаржылық есептің бұрмаланғаны, 13 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

"14 материал құқық қорғау органдарына жіберіледі.  Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 105 материал жолданды", – деп атап өтті ЖАП төрағасы.

Айта кету керек, бұған дейін Әлихан Смайылов бизнесті қолдау тетіктерінің кемшін тұстарын айтқанын жазғанбыз. Депутат орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеп жатқанын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу