Бизнесті тығырықтан шығаруға мемлекет көмектеседі

817

БҚО әкімі оның үш нұсқасын көрсетті.

Бизнесті тығырықтан шығаруға мемлекет көмектеседі Фото: Мария Матвиенко

БҚО рестораторлары үшін пандемия кезеңінен қиналмай өтудің бірнеше жолы бар. Бұған дейін оралдық кәсіпкерлер локдаун кезінде айналысып отырған кәсібі тоқтап қалып, несиелері мен ғимаратты жалға алу ақысын төлеу қиынға соққанын мәлімдеп, бірнеше рет көпшілік тамақтану және көңіл көтеру орындарын ашуды, жеңілдіктер беруді сұрап шағымданған еді. Бұл жолы олармен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асқан облыс әкімі Ғали Есқалиев оларға үш нұсқаны ұсынды. 

Оның біріншісі, карантин кезінде шығынға батқан кафе-ресторандарды жалға беру. Аймақ басшысының айтуынша, билік бұл нысандарды жалға алған жағдайда олардан мемлекет үшін қажетті спорт секциясы, үйірмелер сияқты мекемелерді ашады.

Екінші нұсқа бойынша бұл айтылғандарды кәсіпкерлердің өздері мемлкеттік тапсырыс негізінде ашады. Осылайша олар нарыққа бейімделіп, табыс түсіре алады.

Үшіншісі – кәсіпкерлердің өз өндірісін ашуы. Бұл жерде де мемлекет қол ұшын бермек. Айталық, облыстық кәсіпкерлік басқармасы қай жерде қандай өндірістің қажет екендігін көрсетіп, кеңес беру, оқыту, бизнес-жоспар жасау, жеңілдетілген несие беру сияқты көмек түрлерін ұсынады. Негізінен, бұл кафе-ресторанын жауып, басқа кәсіппен айналысуға бел буғандар үшін айтылды. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған, бірақ, ашық тұратын уақыты мен клиент саны шектелген көпшілік орындарда қызметкерлер саны қысқартылып отырғаны белгілі.

"Ондай жұмыссыз қалған адамдар үшін бізді қысқа мерзімді курстар бар, солар арқылы жаңа мамандықтарды игеруге болады, сондай-ақ, еңбек биржасы, бизнесті бастауға арналған түрлі гранттар бар", - деп қорытындылады Ғали Есқалиев. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу