Бизнестің жартысына жуығын нәзік жандылар басқарады

942

Павлодардағы кәсіпкерлік нысан басшыларының 49%-ы - әйелдер. 

Бизнестің жартысына жуығын нәзік жандылар басқарады

Облыста 42 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысандары бар. Оның 19 мыңының тізгіні әйелдердің қолында.

Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Аурика Дяктің айтуынша, кәсіппен айналысатындар өз ісін ілгерілетіп қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілікті де естен шығармайды.

"Бизнесвумендердің арасында тұрақты түрде демеушілік көрсетіп, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға қол ұшын созатындар көп. Мысалы, пандемия кезінде кейбіреулері бағытын өзгертіп, медициналық маскалар тігуге кірісті. Олардың басым бөлігін тұрғындарға тегін үлестірді", - дейді Аурика Дяк.

"Көшбасшы әйелдер мектебінде" кәсіппен айналысып жүрген нәзік жандыларға түрлі бағытта дәріс оқылады. Ал көпбалалы аналардың кәсіби дағдыларды меңгеруі үшін "Жәрдем" жобасы сәтті жүзеге асуда. Осы уақытқа дейін дәл осы жобадан өткен көпбалалы аналардың бірі балаларға арналған орталық ашты. Ал тоғыз әйел ұзақ уақыттан кейін жұмысқа орналасты.

Кәсіпкер әйелдер проблемалардың барын да бүгіп қалмады. Қалалықтар монополисттерден техникалық құжаттар алу кезінде қиындықтардың туындайтынын алға тартса, ауылдықтар қаржының жоқтығы жиі қолбайлау болатынын айтты. Сондықтан елді мекендерге бизнес ашуға ниетті әйелдерге арналған мемлекеттік гранттар беруді ұсынды. Бұл ұсынысты жергілікті билік жан-жақты саралайтын болды.

Ажар Дәулетова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу