"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасына 282 млрд теңге бөлінді

1627

15,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 1 трлн теңге салық төленді. 

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасына 282 млрд теңге бөлінді

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкіметте оқыған баяндамасында  "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы нәтижелі болғанын жариялады. 

"Doing Business рейтингінде Қазақстан 2019 жылы әлемнің 140 елінің ішінде 28- орынға ие болды. 2015 жылмен салыстырғанда 16 бірлікке жоғарыладық. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,4 %-ға артты. 2015 жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 400 мыңға ұлғайып, 1,3 миллионға жетті. Жұмыспен қамтылғандардың саны 300 мыңға көбейіп, 3,3 млн адамды құрады", – деді Руслан Дәленов.

Министрдің мәлімдеуінше, бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі субсидияланады, несиелерге кепілдік беріледі, мемлекеттік гранттар тағайындалады, кәсіпкерлердің біліктілігі жетілдіріледі және тиісті инфрақұрылым тартылады. 

"Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 282 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 16 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері қаржыландырылып, 100 мыңнан астам кәсіпкер білім алды. 15,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді. 1 трлн теңге шамасында салық төленді", – деді Руслан Дәленов.

Оның сөзінше, кәсіпкерлерге  3 млн теңге көлемінде өтеусіз грант ұсынылған. Бағдарламаның екінші бесжылдығында 120 мыңға жуық кәсіпкерге мемлекеттік қолдау көрсетілген. 

"9 мыңнан астам кәсіпкердің несиесі субсидияланды. 5 мыңнан астам кәсіпкерге кепілдік ұсынылды. 100 мыңнан астам азамат бизнесті жүргізу бойынша оқытылды. 2 мыңға жуық грант тағайындалды және 165 жобаға инфрақұрылым жеткізілді", – деді Руслан Дәленов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу