Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан IX Еуразиялық монополияға қарсы форумда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Марат Омаров айтты.
"Жанармай көтерме нарығының 80% - мұнай саласында өндіруден бастап оны сатуға дейін мемлекет "ҚазМұнайГаз" арқылы үстемдік етіп, бақылап келеді. Нарық толық монополияланған және басқару жүйесі тиімсіз, сондықтан онда тапшылық, қымбатшылық бар", – деген агенттік басшысы салада қажетті бақылаудың болмауы салдарынан ресурстарға қол жеткізу мәселелері әлі де өзекті деген ойын жеткізді.
Сондықтан мәселелерді тиімді шешу үшін биржалық сауда-саттықты ұлғайту жоспарланған.
"ҚазМұнайГаз" ресурстарының ашық және тиісті бөлінуін қамтамасыз ету үшін өтінімдерді қабылдау және іріктеу шарттарымен негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары қабылданатын болады. Осы мақсатта биржалық сауда-саттықты ұлғайту жоспарланған. Мұнайды қайта өңдеуге қол жеткізуді шектеу мүмкіндіктерінің күшеюіне байланысты Инфрақұрылымға қол жеткізу ережелері де қабылданатын болады", – деді спикер.
Еске сала кетсек, Еуразиялық монополияға қарсы форум ЕАЭО аумағында бәсекелестікті дамыту және монополияға қарсы реттеу саласындағы басты іс-шара болып саналады. Аталмыш жиын Қазақстанда 2014 жылдан бастап өткізіліп келеді. 2022 жылға дейін форумның негізгі ұйымдастырушысы Бәсекелестікті қорғау орталығы болды. Биылғы жылы Форум жаңадан құрылған монополияға қарсы сарапшылардың Еуразиялық альянсының қолдауымен өтуде.