Батыс Қазақстан облысына қарасты Сайқын ауылындағы газ құбырын ресейлік әскери көлік қағып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты mgorod.kz порталына сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, Бөкей ордасы ауданының әкімдігі оқиғаға байланысты түсінік берді.
"Әлеуметтік желіде Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің әскери техникасы Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылы арқылы өткені туралы бейнежазба таралып жатыр. Көліктердің бірі кентішілік газ құбырын қағып кеткен. Мәліметтерге сәйкес, Ресей Қазақстаннан Бөкей ордасы ауданының аумағындағы Сайқын ауылынан 100 шақырым жерде орналасқан полигонды жалға алған. Мұнда Ресейдің екі әскери бөлімі орналасқан. Бөлімдердегі қызмет вахталық режиммен өтеді, ресейлік техника келісімге сәйкес тиісті елдімекеннен тыс бағыттар бойынша полигондарға үнемі кіріп-шыға алады", - деп хабарлады әкімдік.
Жаңбыр жауып, елдімекеннен тыс жолдарда өту мүмкін болмағандықтан, ресейлік әскери көлік Сайқын ауылының ішімен жүргені айтылған.
"20 қазанда әскери техниканың бес автокөлігі ауылдың ішіндегі асфальт жолмен жүріп өтті. Көліктердің бірі габариттерін есептемей, газ құбырын қағып кетті. Құбырға қатты зақым келмеген, газ сыртқа кеткен жоқ, - деп атап өтті әкімдік.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Арнайы техника жүргізушісі жауапкершілікке тартылуы мүмкін.