БҚО әкімі Ғали Есқалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жеке телефон нөмірін жазып, тұрғындардан өңірдегі жемқорлық дерегі жайлы тікелей өзіне хабарласуын сұрады. Ол өзінің ешкімге де заңсыз нұсқау бермейтінін және қарамағындағы қызметкерлерден де соны талап ететінін жазған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Облыс әкімінің фейсбук парақшасындағы пост "қала әкімдігінің қызметкері мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй салып жатқан кәсіпкерден ірі көлемде пара алды" деген күдікпен ұсталғаннан кейін жарияланған.
"Құрылыс материалдары мен қызмет көрсету жұмыстарына баға өсіп жатқан жағдайда, біз адал жұмыс істейтін құрылыс компанияларымен бірге құрылыс нысандарын уақытында және сапалы аяқтау үшін қосымша қаражат іздеудеміз. Осындай жұмыстар атқарылып жатқанда мұндай жағдайлар тіркеліп отырса, қатаң шара қолдануды қажет етеді", – дейді Ғ.Есқалиев.
Аймақ басшысы заңсыз және оңай ақша алған жемқор адам тауардың бағасы туралы ойланбай, оны оңай жұмсайтынын айта келіп, оның соңы нарықтағы инфляцияға әкелетінін, сол себепті жемқорлықты бағаның өсуінің бір себебі ретінде қарастыруға болатынын айтады.
Мемлекеттік жобалармен жұмыс істеп жүрген азаматтардың заңсыз ұсыныстарға беріліп, бопсалауға түспеуін сұраған шенеунік "бармақ басты, көз қысты" деректер кездессе өзіне хабарлауын сұрап, ватсап нөмірін жариялады. Ол үшін "Сыбайлас жемқорлық" деп белгілеу керек. Ал әкім "тергеу барысын және кінәлі тұлғалардың заң бойынша жауап бергенін қадағаламақ".
Құралай Қуатова