БҚО бюджеті қайда жұмсалды

843

Батыс Қазақстан облысында 2021 жылы облыстық бюджет үш рет нақтыланып, сегіз рет түзетілген. Сонымен қатар 772,8 млн теңге бюджет шығысы оңтайландырылып, облыстың өзекті мәселелерін шешуге жолданған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

БҚО бюджеті қайда жұмсалды

БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының есебіне сәйкес, 2021 жылы облыстық бюджет нақтылаулар және түзетулер есебімен 333,1 млрд теңгені құраған, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге көп.

Биыл шығыстарды оңтайландыру бойынша жұмыс жалғастырылып, облыстық бюджет шығыстары 772,8 млн теңге сомасына оңтайландырылыпты.

Айта кетейік, былтыр 2,2 млрд теңге шығындар оңтайландырылып, аймақтың қашықтықтан оқыту үшін компьютерлерді сатып алу, жергілікті атқарушы органдардың резервін толықтыру, коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау сынды күн тәртібінде тұрған проблемаларды шешуге жұмсалған болатын. 

Облыстық бюджеттен, әдеттегідей, әлеуметтік саланы дамытуға көбірек қаражат бөлінеді. Атап айтқанда, жалпы бюджет көлемінің 45,3 пайызы осы салаға жұмсалған, оның ішінде, білім беру – 125,8 млрд теңге, денсаулық сақтау – 6,6 млрд теңге, әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру – 10,2 млрд теңге, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік – 8,2 млрд теңге құрайды. Ал кәсіпкерлік қызметті қолдауға 10,1 млрд теңге немесе облыстық бюджет көлемінен 3 пайыз бағытталыпты.

Белгілі болғандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға, отын-энергетика кешенi және жер қойнауын пайдалануға, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне 38,5 млрд теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға 19,6 млрд теңге бағытталған. Жергілікті атқарушы органдарының резерві 1,3 млрд теңге немесе облыстық бюджет көлемінен 0,4 пайыз құрайды.

"Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы облыс бюджетінің кірістері – 1 млн теңге болса, 2001 жылы – 19,7 млрд теңге, 2011 жылы – 94,5 млрд теңге құрады. Осы он жылда түсімдер 4,8 есеге өсті, ал 2021 жылғы жоспар 330,2 млрд теңгені құрап, он жылда 3,5 есеге өсіп отыр. 1991 жылы облыс бюджетінің салықтар бойынша кірістері – 1 млн теңге болса, 2001 жылы – 19,9 млрд теңге, 2011 жылы 39,4 млрд теңге құрады, яғни он жыл ішінде түсімдер 2 есеге өсті", – дейді БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Қаюпов.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу