БҚО-да 111 соғыс ардагері қалды

1931

БҚО-да 111 соғыс ардагері қалды

Батыс Қазақстан облысында Жеңіс күніне орай Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге 150 мың теңгеден берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Ленинград құрсауының тұрғындары, фашистік концлагерь мен геттоның кәмелетке толмаған тұтқындары, жалдамалы құрамда болғандар 60 мың теңгеден біржолғы жәрдемақы алады.

Сол секілді соғыста қаза тапқан жауынгерлердің қайта некеге тұрмаған жесірлеріне 20 мың теңгеден беріледі. Қаза болған майдангерлердің әйелдеріне 15 мың теңгеден тимек. Тылда еңбек еткендер 10 мыңнан, ал марапатталғандары 15 мың теңгеден алады.

ҰОС қатысушылары мен оларға теңестірілген тұлғаларды коммуналдық төлемнен босату үшін ай сайын 5 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Айта кетейік, 20 сәуірдегі мәлімет бойынша облыста 111 майдангер тұрса, соның 36-сы - мүгедек. Сондай-ақ  Ленинград құрсауының 4 тұрғыны, бұрынғы концлагерьлердің 17 тұтқыны, қайтыс болған майдангерлердің 585 әйелі, соғыс кезінде қаза тапқандардың 25 жесірі, 8 479 тыл еңбеккері, жалдамалы құрамда болған 7 және соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген 113 адам бар. 

Осылайша Жеңістің 73 жылдығына орай барлығы 9 341 адамға жергілікті бюджеттен 102,3 млн теңге төленбекші. 2016 жылы 10544 адамға 141 млн теңге, 2017 жылы 9 295 көмек алушыға 118,6 млн теңге берілген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу