БҚО-да 2652 дана киік мүйізі тәркіленді

1319

Киікті аулауға, оның бөліктерімен айналысуға 2023 жылға дейін тыйым салынған. 

БҚО-да 2652 дана киік мүйізі тәркіленді

Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 2652 дана киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, өңірде киіктер Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Жаңақала, Тасқала және Ақжайық аудандарының жерін мекендейді. Қайрат Темірғалиұлының сөзіне қарағанда, 2019 жылғы соңғы санақ облыста киік саны 217 мыңға жеткендігін көрсетті. 2020 жылы індетке байланысты жоспарлы санақ жүргізілген жоқ.

Биыл санақты сәуір айында өткізу жоспарланып отыр. Мониторинг бойынша киік санының қарқынды түрде өсіп келе жатқаны байқалады.  Өткен жылы киікті аулауға және оның бөліктерімен заңсыз айналысуға байланысты 44 қылмыстық іс қозғалып, 2019 жылғыдан (26) едәуір өсті. 9 қылмыстық іс сотта қаралып, 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде екі адам 6,6 жылға бас бостандығынан айырылды. 1 қылмыстық іс тоқтатылды. Қалған істер бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Құқық бұзушылардан 2652 дана мүйізге қоса атылған 491 киік ұшасы табылды. Сондай-ақ 8 автокөлік, 2 қаршана, 2 мотоцикл және 9 атыс қаруы тәркіленді. Сотпен 62,5 млн астам теңге өндірілді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу