БҚО-да 3 жасар қыз отадан соң қайтыс болды

635

Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.  

БҚО-да 3 жасар қыз отадан соң қайтыс болды Фото: 24.kz

БҚО-да 3 жасар қыз тамағына жасалған отадан соң қайтыс болды. Жаңақала ауданының тұрғыны Айдана Мұхамбетиярова баласының өліміне медициналық қызметкерлерді кіналап отыр, деп жазады inbusiness.kz "AstanaTV"-ге сілтеме жасап.

Оның айтуынша, отадан кейін сәбиі қараусыз қалған. Анасы қызынан "Даун синдромы" анықталғанымен, ауытқушылық болған жоқ дейді.

Үш жасар Айназға ота жасап, дәрігерлер тамағындағы қабынған безді сылып тастайды. Операция сәтті өткен.

"Реанимациядан бір медбикені шақырады. Ол медбике  келді, балаға ешқандай катетерді қоя алмады. Баланың қолы мұздаған кезде катетерді қоя алмаған соң, екінші медбикені шақыртты. Ол баланың жағдайын көріп, сол сәтте "дәрігерді шақырыңыздар, бала қиналып жатыр, ешқандай катетерді сала алмаймын, жансақтау бөліміне апарыңыздар" деп айтты. Бұл сөзге құлақ аспаған бірінші медбике қайтадан катетерді салды", – деді баланың анасы Айдана Мұхамбетиярова.

Оқиға демалыс күні болған, шақыртқан дәрігерлер уақытында келмеген көрінеді. 12 сағат бойы қиналған сәби әлсірегенде ғана мамандар көмекке жеткен.

"Дәрігер кешкісін бала өлім аузында жатқан уақытта келді. Пульсін қарап, бір-біріне ымдап бірдеңе айттты. Одан кейін "апа, қызыңыздан айырылып қалдық, иманды болсын" деді. Дәрігерлердің салғырттығы бәрі.  Отадан соң қызыма дұрыс қарамады", – деді Айдана Мұхамбетиярова.

Отоларинголог дәрігер Орынбек Жұбановтың айтуынша, сәбиді отаға дайындау кезінде денсаулығынан кінәрат табылмаған.

"Баланы операциядан соң өзім қарағанда бүкіл көрсеткіші қалыпты болды. Кенеттен әлсіреген соң жансақтау бөлімінде көмек көрсеттік. Кейін оның жүрегінде ақау бары, пневмонияға шалдыққаны белгілі болды. Жалпы осындай дерті бар балалардың бүкіл кеселі операция кезінде өршіп кетеді. Сәбидің ата-анасына қайғырып көңіл айтамын", – деді ол.

Ақпаратқа сәйкес, құқық қорғау органдары бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу