БҚО жол жөндеу Батыс Қазақстан облысында биыл 500 шақырымнан астам жол жөнделеді. Оның ішінде Ресей шекарасына дейінгі "Орал-Тасқала" арасы мен "Чапаев-Жалпақтал" және сапасы сын көтермейтін "Қазталов-Жәнібек" бағытындағы жолдар бар, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл жұмыстарға 38 млрд теңге жұмсалады. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында салынып жатқан "Орал-Тасқала" автожолының жалпы ұзындығы – 100 шақырым. Жыл соңына дейін 54 шақырым жол жөнделуі тиіс. Құрылыстың сапасы атқарушы биліктің ұдайы бақылауында. Мердігер кәсіпорын жұмысты барынша сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды көздеп отыр.
"Нысанның аталған бөлігі тапсырылуға таяу. Ауа райының қолайсыздығына орай қабылдап алу мерзімін сәл сырғытуға тура келді. Дегенмен негізгі жұмыстарды уақытылы аяқтап отырмыз. Шикізат материалдарын жеткізуде іркіліс жоқ. Құрылыс жұмыстарына кәсіпорынның 30 шақты техникасы мен жүзге жуық жұмысшысы тартылды", - дейді мердігер кәсіпорынның жоба жетекшісі Ефим Кураксин.