Батыс Қазақстан облысындағы бөлшек сауда және сауда желілері кәсіпорындарының басшыларына жыл соңында және Жаңа жыл мерекесі қарсаңында азық-түлік бағасын негізсіз және күрт қсіпрмеу тапсырылды. Ондай деректер анықталған жағдайда кәсіпкердің жауапқа тартылатыны да айтылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл жөнінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және негізсіз өсірмеу мәселесі жөніндегі жиын барысында мәлім болды.
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 19 түрі бар. Алда жаңа жыл мейрамы келе жатқандықтан, тұрғындар осы өнімдерді, тұрмыстық тауардарды көптеп алатыны белгілі. Халық көп алғандықтан, сатушылар тауардың бағасын қымбаттатып жатады. Бағаның күрт өсуі халықтың әлеуметтік осал топтарына және аз қамтылған отбасыларға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне не сұраныстың артуына байланысты тауар құнының өсуіне жол бермеуіміз керек", – деді аймақ басшысы Ғали Есқалиев.
ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Уахитовтың айтуынша, биыл мекеме әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты 9 талдау жүргізген. Оның қорытындысы бойынша, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін бірқатар кәсіп иелеріне ескертпе берілген. Олардың ішінде "Едаменко", "Марченко", "Абатов" жеке кәсіпкерлігі мен "Dina Market", "Идеал Маркет", "Перун Трейд", "Астанапрод", "Орал Логистик" ЖШС бар. Сондай-ақ биыл нан, жұмыртқа, ұн және тауық етін өндірушілердің бағасын көтеру мүмкіндігі туралы жария өтініш фактісі бойынша департамент 6 серіктестікке ескерту берген. Олар: "Жайық Ет", "Желаев нан өнімдері комбинаты", "Белес-Маркет", "Орал құс фабрикасы", "Агрофирма", "Акас", "Уральская птицефабрика" ЖШС-лары.
Айта кетейік, бұған дейін бағаны негізсіз көтеремін деп жазаға тартылған заңды тұлғалар бар.
Атап айтқанда, ҚР ӘК "әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттыруды" көздейтін 204-4 бабы бойынша 4 әкімшілік іс қозғалып, "Суровский", "Лидер", "Алтындар" және "Вегасупермаркет" сауда желілеріне ескерту берілген. Олар әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде тағы да осындай құқық бұзушылық жасайтын болса, 875 100 теңге көлемінде айыппұл төлемек.
Құралай Қуатова