БҚО-да балық қырылды

2070

БҚО-да балық қырылды

Батыс Қазақстан облысында балықтың жаппай қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде ҚР ҚК 336-бабына сәйкес (балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу) тергеу амалдары басталды.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ибраевтың сөзіне қарағанда, Сырым ауданы Тоғанас ауылы маңындағы Шолақаңқаты өзенінде мұздың қатуынан шабақтардың қырылғаны туралы мәлімет 16 қараша күні түскен.

Оқиғаға орай жедел топ құрылып, шабақтардың жаппай қырылғанын анықтады.

Шолақаңқаты өзені арқылы өтетін көпірге өткен жылдары күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Әйтсе де мердігер тарапынан кемшіліктер жіберілген. Соған байланысты су өткізгіш қақпаны жөндеу кезінде көпірден 150 метр жерде уақытша бөгет салынған. Ескі қақпа мен уақытша бөгеттің арасында едәуір су қалып, күннің күрт суытуына байланысты қатып қалған. Тайыз судағы балық шабақтары да бірге қатқан. Мамандардың есептеуіне қарағанда, 1800 метр аумақта шамамен 900 мыңнан астам шабақ қырылған.

"Арнайы комиссия келтірілген шығын көлемін анықтап, осыған жол берген тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылуын қадағалайтын болады", - деді Қ.Ибраев.

Айта кетерлігі, 336-бапқа сәйкес көпір, бөгет салу, су жинағыш құрылыстар немесе су айдағыш тетікті пайдалану кезінде балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу балықтардың жаппай қырылуына әкеп соқса, онда  кінәлі тұлға жазаға тартылады. Атап айтқанда, кінəлілер белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыруға немесе онысыз, 160 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.  

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 900 мың балық құртшабағы қырылғанын жазған болатынбыз.      

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу