БҚО-да белгілі саксофоншы жол апатынан қайтыс болды

703

Байланыстың нашарлығынан көпке дейін жедел жәрдем шақыра алмаған. 

БҚО-да белгілі саксофоншы жол апатынан қайтыс болды

БҚО Индер-Орал тас жолының бойында 25 қыркүйек күні болған жол апатында өңірге белгілі саксофоншы, 26 жасар Дәулет Шамелов көз жұмды. Белгілі болғандай, интернет байланысы нашар болғандықтан, апатқа ұшырағандар көпке дейін жедел жәрдем шақыра алмаған.

"25.09.2020 жылы сағат 13.40-та Көнеккеткен ауылының тұсында "Шевроле" көлігінің жол-көлік оқиғасына ұшырағаны жөнінде ақпарат  тіркелді. Онда бес адам болған. Жедел жәрдем көлігі келгенге дейін біреуі қайтыс болды, қалғандары әртүрлі деңгейдегі жарақат алды", – деп хабарлайды облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен.

Көп ұзамай марқұмның досы, "Теректі жаңалығы" газетінің бас редакторы Әділет Орынбасаров Facebook парақшасында болған оқиға жайында жазды: "Осыны жазу керек пе, жоқ па, біраз ойландым. Сосын жазылу керек деп шештім. Бүгін жол көлік оқиғасының куәгері болдым... Шарасыздықтан егілген бауырларымды көріп, ағыл-тегіл жыладым. Иә, ажал айтып келмейді. Бірақ бүгінгі оқиға менің тарапымнан заңды сауалдар туындатты. Алдымен, баяғы ұялы байланыстың болмауы. Ойбай, дамыған Қазақстан, онлайн оқу, әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатары деп ұрандатамыз. Қаншама ауылдар ғаламтор былай тұрсын, кәдімгі сапалы ұялы байланысқа зәру. Мұқтаж! Адам жаны қыл үстінде тұрғанда жедел жәрдемге телефон шалып, көмекке шақырайын десең байланыс жоқ! Жоқ!.. Одан кейін жыр болған медицина мәселесі. Айналайын, жоғарыдағы көкелер! Еститін мемлекеттің қызметкерлері! Ауылдағы медицинаның хәлін білесіздер ме сіздер? Сағаттап күткен жедел жәрдемнің хәлі нашар адамды салып, көлікке дейін жеткізер қарапайым зембілі жоқ. Дем алуы қиындаған адамға салатын дәрілік препараттар таба алмай байғұс дәрігерлер сарсаңға түсті. Бір жедел жәрдем көлігі оқушыларды тасып жүр. Міне, дамыған ел! Медбикелердің шарасыздығын, қолдары байлаулы екендігін көріп бүйткен медицинаң құрсын деп айқайлағым келді... Қойнауына қазына жасырған Қазақстанның жолы туралы айтқым да келмейді. Мен ашынамын! Мен күйінемін! Менің бауырларым соғыссыз-ақ қырылып жатыр. Пандемияның тағы бір толқыны, онлайн жұмыс, ғаламтордың ғаламаты арқылы білім аламыз дейміз кеп?! Қарақтарым, Астана мен Алматы, не болмаса облыс орталықтарынан бөлек те ауылдар бар ғой. Сол ауылдарда да адамдар бар. Олар да өмір сүргісі келеді. Бүгінгі жол көлік оқиғасында менің бауырым, талантты жас, бойына өнер дарыған қазақтың тағы бір баласы қаза тапты. Егілдім. Шарасыз қалпымды көріп өз өзімді жек көрдім". Жүрек тебірентерлік пост иесі апаттан кейін Дәулеттің жүрегі соғып тұрғанын, оны аман алып қалуға мүмкіндік болғанын айтады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу