Батыс Қазақстан облысында электр желілері үзіліп, жолдар жабылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 22 қараша күнгі сағат 22.00-дегі мәлімет бойынша Орал қаласы мен облыстың алты ауданында күшті желден электр желілері үзілді.
Соның салдарынан 1 229 абонент, соның ішінде 14 әлеуметтік нысан электр жарығынсыз қалды.
"Орал қаласында Курени ауданында 220 абонент, Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында 512 абонент, соның ішінде 1 әлеуметтік нысан, Тасқала ауданында 5 елді мекенде 264 абонент (5 әлеуметтік нысан) жарықсыз отыр. Сондай-ақ Ақжайық ауданында 3 елді мекенде 112 абонент (3 әлеуметтік нысан), Бәйтерек ауданында 3 ауылда 53 абонент (3 әлеуметтік нысан), Казталов ауданы Бозоба ауылында 50 абонент (1 әлеуметтік нысан), Теректі ауданы Рыбцех елді мекенінде 18 абонент (1 әлеуметтік нысан) осындай күйге ұшырады. "Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы"" ЖШС күшімен (40 қызметкер, 12 техника) қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде", - деп хабарлады ведомстводан.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта облыс бойынша 9 бағыт бойынша жолдар жабық. Тағы бір жолда автокөлік қозғалысы шектелді.
"Қазгидромет" РМК мәліметіне сәйкес 23 қараша күні де солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетпекші. Облыстың солтүстігі мен шығысында бұрқасын көтерілсе, батысында тұман түсуі ықтимал.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ауа райының қолайсыз кезінде тұрғындардың елді мекендерден алыс жерлерге шықпауын ескертті.