БҚО-да бостандыққа шыққан адам қайтадан түрмеге жабылды

632

Ол мемлекетке 37 млн теңге берешегін қайтармапты.

БҚО-да бостандыққа шыққан адам қайтадан түрмеге жабылды

Батыс Қазақстан облысында спорт басқармасының бұрынғы бастығы Мүслим Оңдағанов жақында бостандыққа шыққан болатын. Оған 2014 жылы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлады деген айып тағылып, он екі жылға бас бостандығынан айырылған еді. Мүслим оның алты жылын отырып, адвокаттарының араласуымен мерзімінен бұрын босады.
Алайда, 7 шілде күнгі Қостанай қаласы №2 сотының Мүслим Оңдағановты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулысы теріске шығарылып, 19 тамыз күні Мүслим Оңдағанов қайтадан қамауға алынды.

Белгілі болғандай, Орал қаласының мемлекеттік сот орындаушысы Г.Папашева Оңдағановтың мемлекетке келтірілген залалды толық өтегенін айтып, сотқа жалған ақпарат берген. Сол себепті, Қостанай облысының прокуроры жазасын өтеушіні мерзімінен бұрын босату туралы сот қаулысына наразылық білдіріп, Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасы оның өтінішін қанағаттандырады. Сөйтіп, сот қаулысына сәйкес, БҚО полиция департаменті Мүслим Оңдағановты қайтадан қамауға алып, қалған жазасын өтеу үшін түзеу колониясына жеткізді.

"Прокурорлық тексеру барысында Мүслим Оңдағановтың мемлекет алдындағы 67 млн.теңге көлемінде шығынын әлі де өтемегені анықталды, сол себепті, оны оны мерзімінен бұрын босатуға негіз жоқ деп табылды", – дейді Қостанай облыстық сотының төрағасы Асланбек Мерғалиев.

Қазіргі күні БҚО прокуратурасы мемлекеттік сот орындаушысы Г.Папашеваның үстінен ҚР ҚК 361 "лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану" бабы бойынша тергеу жұмыстарын бастаған. Сот орындаушысының сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар-жоғы да тексерілуде. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу