БҚО-да дала өрті Орал қаласының іргесіне жеткен

1097

Түнде Орал қаласына дейін жақындап, Сарытау ықшамауданының тұрғындарының зәресін ұшырған тілсіз жау өрт сөндірушілер күшімен ауыздықталды, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

БҚО-да дала өрті Орал қаласының іргесіне жеткен

Батыс Қазақстан облысында биыл өрт оқиғасы жиі тіркеліп отыр. Белгілі болғандай, өрт кезінде шамамен 8 га жер жанып кеткен. Өрт құрғақ шөптің тұтануына келіп шыққан деп болжануда. Оны өшіруге төтенше жағдайлар департаментінен 36 адам мен 6 арнайы техника жұмылдырылып, тұрғын үйлерге дейін жеткізбей, өшіріп үлгерді. 

Айта кетейік, өңірде биыл жаздың ыстық болуынан, дала және орман өрті көбейіп тұр. БҚО ТЖД бастығының орынбасары Рашид Бляловтың баспасөз брифингінде мәлімдегеніндей, "өртке қауіпті кезең басталғаннан бері облыс аумағында жалпы ауданы 4943 га құраған 117 табиғи жану орын алған". Оның ішінде, табиғи жану Бөрлі, Бәйтерек және Қаратөбе аудандарында көбірек тіркелген.

"Батыс Қазақстан облысының аумағында дала және орман аймақтарында жану нүктесін дереу анықтау үшін төтенше жағдайлар департаменті "Қазақстан Ғарыш сапары" Ұлттық компаниясымен 4 млн теңгеге шарт жасасып, 44 даладағы жану оқиғасын жерді қашықтықтан зондтау көмегімен анықтады. "Жергілікті аумақтағы төтенше жағдайларды жою" бюджеттік бағдарламасы аясында 11 млн 565 мың теңгеге жанар-жағармай және 6 млн 384 мың теңгеге 211 дана аспалы өрт сөндіргіштер сатып алынды", – дейді Рашид Бекетұлы.

Бұдан бөлек, облыста мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ашуға маңыз беріліп отыр. Атап айтқанда,  биыл Ақжайық ауданында екі, Жаңақала және Қаратөбе аудандарында бір-бірден, барлығы 4 өрт сөндіру бекеті ашылмақ.  

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу