Батыс Қазақстан облысында демалыс күндері екі бірдей адам суға батып кетті. Оның бірін "Сая" демалыс базасында бірнеше жүздеген адамның көз алдында тілсіз жау жұтып кеткен, деп жазды жазды inbusiness.kz тілшісі.
"13 маусым күні Бәйтерек ауданы Желаево поселкесіндегі "Сая" демалыс базасында 33 жастағы әйел суға кетті, оның денесі сағат 19.45-те табылды. Сондай-ақ, 14 маусым күні карьерде таныстарымен бірге ішімдік ішкен 28 жасар ер адам суға батып кетті, денесі 2.25 сағатта табылды. Олардың екеуі де ішімдік ішкен, мас күйде болған", - хабарлады БҚО ТЖД баспасөз қызметінен.
Мұның ішінде, "Сая" ақылы жағажайында болған жағдай жөнінде төтенше жағдайлар қызметіне кешкі сағат 19.45 сағат шамасында хабарланған. Белгілі болғандай, бұл кезде жағажай демалушыларға толы болады. Қазіргі күні облыстың әлеуметтік желілерінде қайғылы жәйттің куәгерлерінің айтқаны қызу талқылануда. Олардың айтуынша, кешкі сағат 17.00-ден кейін кіру ақысын 500 теңгеден 1000 теңгеге дейін көтерген жағажайда құтқарушы сүңгуірлер болмаған. Музыка қатты ойнап тұрғандықтан, біреудің суға батып бара жатқанын ешкім байқай қоймапты. Алайда одан кейін де көмектесуге ұмтылғандар табыла қоймаған.
Болған жағдай адамдардың енжарлығын ғана емес, жасанды тыныс алдыру сияқты қарапайым техникадан да хабарсыз екенін көрсеткен. Соның салдарынан, қаншама жанның көз алдында бір әйелдің өмірі үзіліп кетеді. Қазіргі күні суға кету деректеріне байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Құралай Қуатова