Батыс Қазақстанда Елек өзені қауіпті деңгейден асып кетті

423

Су деңгейі 800 сантиметрден асқан жағдайда ауданның өзен бойында орналасқан елді мекендеріне қауіп төнуі ықтимал.

Батыс Қазақстанда Елек өзені қауіпті деңгейден асып кетті Фото: видео скриншот

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында Елек өзеніндегі су деңгейі қауіпті деңгейден асып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазгидромет" РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәлім еткеніндей, өзеннің суы Шілік гидрологиялық бекетінде бір тәулік ішінде 186 сантиметрге көтеріліп, 785 сантиметрге (қауіпті деңгей – 750 см) жетті.

"Ресейдің Орынбор облысы жағынан су келіп жатыр. Су деңгейі 800 сантиметрден асқан жағдайда ауданның өзен бойында орналасқан елді мекендеріне қауіп төнуі ықтимал", - деді Т.Шапанов.

"Қазгидромет" РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі бір тәулік ішінде Орал қаласы тұсында 84 сантиметрге көтеріліп, 457 сантиметрге (қауіпті деңгей – 850 см) жетті.

Шаған өзені Чувашин ауылы тұсында 1211 (қауіпті деңгей – 1280-1300 см), Деркөл Белес маңында 670 (600-650), Қараөзен Жалпақталда 756 (790-820) сантиметрді көрсетті.

Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев жағдайдың бақылауда екендігін жеткізді.

"Елек өзенінің суы өтіп жатыр. Әзірге елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ", - деді М.Өмірәлиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу