БҚО-да есіктерді бұзып кіруге рұқсат етілді

853

Оған тұрғындардың карантин талабына бағынбауы себеп болып отыр.

БҚО-да есіктерді бұзып кіруге рұқсат етілді

БҚО-да бұдан былай тәртіп сақшылары мен мониторинг топ мүшелеріне қажет деп тапқан жағдайда карантин тәртібін бұзған жабық нысандардың есігін бұзып кіруге рұқсат етілді. Бұл мәселе тиісті мекемелердің қатысуымен облыс әкімдігінде талқыланды. Тұрғындардың тиым салу талаптарын сақтамауы осындай әрекетке баруға мәжбүрлеп отыр. Оның үстіне мұндай тәжірибе елдің кейбір аймақтарында қолданылады екен. 

Қазіргі күні бұл тізімге банкет залдары мен мейрамханалардан басқа, моншалар, компьютерлік клубтар, караоке-залдар және адамдар көп жиналатын басқа да мекемелер кіргізіліп отыр. Облыстағы 140 шақты мониторинг тобы адамдардың қайткенде де талапқа бағынбау үшін түрлі айла-шарғыларға барғанын көрген. Мәселен, тойлаушылар мейрамханаға таксимен келеді немесе көлігін әудем жерге қалдырып кетеді, бақылау тобы келіп қалған жағдайда шығып кететін жасырын жолдарды қамтамасыз етеді, терезелерді тұмшалап тастайды. Ал "Каспий" ресторанында полиция келіп, қонақтарды таратып жібергеннен кейін шамалы уақыт өткенде олар қайта жиналған. 

"Полиция органдарының қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық деп бөлмей, кез келген объектіге кедергісіз кіруге және тексеруге құқығы бар. Сондықтан бұл жерде ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз", – дейді БҚО прокуроры Жандос Өмірәлиев.

Сондай-ақ арнайы тізім жасалып, онда карантин тәртібін бірнеше рет бұзған кәсіпкерлік нысандары сары бояумен белгіленген. 

Айта кетейік, жақында ғана БҚО-дағы ауыл әкімінің ұлының үйлену тойын дүркіретіп жасағаны белгілі болған. Осы оқиғаға байланысты облыс әкімі Ғали Есқалиев "Мұндай адамдарға мемлекеттік қызметте орын жоқ. Әкім аппараты бұл істі бақылауға алады", – деп мәлімдеді.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу