Батыс Қазақстан облысында карантин талабын бұзған тұрғындардың есімі әлеуметтік желіде жарияланатын болды, деп хабарлайды inbusiness.kz "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Биыл 4 ақпанда облыс әкімдігінде коронавирусты таратпау жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхаметғали Арыспаевтың айтуынша, Ashyq жобасы енгізілгеннен бастап COVID-19-ға оң нәтижесі бар және науқастармен байланыста болғандар карантин талабын сақтамайды. Үйде оқшауланудың орнына олар жұрт жиылған жерге көп барады.
Ashyq қосымшасының дерегінше, 1 қаңтардан бастап оқшаулануға жататын 635 келуші анықталған. Оның ішінде "қызыл" статусы бар 628 адам, "сары" статусы бар 7 адам анықталды.
"Анықталған заңбұзушылықтар бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігі ("Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу") бойынша барлығы 37 әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы – 1,7 млн теңге. БАҚ-та карантин режимін бұзғандардың аты-жөні жарияланды – "қызыл" мәртебесі бар 19 адам", – деді Мұхаметғали Арыспаев.