БҚО-да карантин тәртібін бұзғандарды көрсеткендер сыйақы алмақ

773

Ал бетперде бағасы 40 теңге болуы мүмкін.

БҚО-да карантин тәртібін бұзғандарды көрсеткендер сыйақы алмақ

БҚО тұрғындары карантин тәртібін бұзушыларды байқаса, полиция шақыртып, сыйақы алуға тиіс. Коронавирустық инфекцияны таратпау жөніндегі жедел штаб отырысында облыс әкімі Ғали Есқалиев ол үшін қаражат бөлінгенін, қазіргі кезде комиссия нақты сома мен дәлелдеу әдісін анықтап жатқанын жеткізді. Сыйақы мөлшері әзірге белгісіз, дегенмен, ол 10 айлық есептік көрсеткіш шамасында, яғни 27 780 теңге құрауы мүмкін.

"Біздің 130 мониторингтік тобымыз таңертеңнен кешке дейін барлық елді мекендерде жүре алмайды және заң бұзушылықтарды тіркей алмайды. Бұл жерде бізге адамдардың көмегі қажет, өйткені, бұл жалпыға ортақ проблема", – деп түсіндірді өңір басшысы.

Белгілі болғандай, карантин кезінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 34 млн теңге құрайды. ҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, ең көп тәртіп бұзушылық Орал қаласына тиесілі, мұнда 258 хаттама толтырылып, 19 млн теңгедей айыппұл салынған. Аудандар арасынан көш бастап тұрған – Бөрлі ауданы бойынша 78 хаттама толтырылып, 4 млн. 680 мың теңге айыппұл салыныпты.

Бұдан бөлек, бас қосуда бетперделер бағасын 40 теңгеге дейін төмендету жайында сөз болды. Өйткені, алдағы уақытта коронавирустық инфекцияның екінші толқыны күтіліп отыр, оған сұраныс артпаса кемімейтіні анық. 

"Бүгінде шамамен 1,2 миллион маска шығарып отырмыз. Одан еш тапшылық жоқ", – деп мәлімдеді БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетов.

Облыстағы бетперденің сатылымға шығарылып отырған ең төменгі бағасы қазіргі күні 55 теңге құрап отыр екен. Оны 40 теңгеге дейін төмендетіп сатудың мүмкіндігі қарастырылмақ. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу