БҚО-да киік мүйізін тасыған браконьер қолға түсті

862

Киікті қорғау үшін Бөкей Орда резерватын құру жоспарланған.  

БҚО-да киік мүйізін тасыған браконьер қолға түсті

БҚО-да 632 киік мүйізін тиеп келе жатқан "Nissan Maxima" автокөлігінің жүргізушісі қолға түсті. "Қызыл кітапқа" енетін жануарларды қырып-жойып, мүйізін сыпырып алған – Казталов ауданының 31 жастағы тұрғыны. Қазіргі күні күдікті уақытша оқшаулау орнында, оның 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Ол бұрын да жауапқа тартылған. 2019 жылы осындай заңсыз заң аулау әрекеті бойынша айыпталған", – дейді облыстық полиция департаментінен.

Соңғы жылдары облыс аумағында киіктер саны айтарлықтай өскен. 2005 жылдан бастап қорғауға алынған киелі жануардың саны былтырғы деректе бір ғана Батыс Қазақстан облысында 230 мыңға жетіпті. Биыл карантинге байланысты санақ жүргізілмеген, бірақ тұрғындар киік саны еселеп арта түскеніне сенімді. Бұл қуанарлық жаңалық болғанмен, мәселенің екінші жағы да ескеруді қажет етуде.

Далада бөкендер көбейген кезде, негізінен, олар үйір-үйірімен жүретін Жәнібек, Казталов аудандарының шаруалары шағымдана бастаған. Сөйтсе, киіктер олардың шапқан шөптерін таптап кетеді екен. Бұдан басқа, аяқ астынан үй малында кене қаптап кеткен. Ғылыми дәлелденбесе де, мал иелері кенені киіктер тасуы мүмкін деп қауіптенеді.

"Жаз аптап ыстық болса, онсыз да шөпті ойдағыдай жинай алмаймыз. Оның үстіне оны мыңдаған киік келеді де таптап өте шығады. Біздің де малымыз, жеріміз бар, киікті басқа жаққа қарай айдап жіберейік десек, "Охотзоопром" оларға жолатпайды, түрлі әкімшілік айыппұлдар салып, тыпырлатпай тастайды. "Жерлеріңді қоршап алыңдар" дейді, ол да оңай шаруа емес", –  дейді шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов.

Мәселені барлық тарапқа оңтайлы етіп шешудің жолы – Бөкей Орда резерватын құру болар еді. Бірақ техникалық негіздемесінің өзі бірнеше жыл бұрын дайын болғанына және 600 мың га жер бөлінгеніне қарамастан бұл шаруа сағыздай созылып келеді.

 Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу