БҚО-да кіріс департаменті кәсіпкерге 500 есеге артық айыппұл салған

943

БҚО-да кіріс департаменті кәсіпкерге 500 есеге артық айыппұл салған

Бүгін "Атамекен" ҰКП кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко миллиондаған айыппұлды төлеуге міндеттелген кәсіпкердің "жазасы" қалайша жеңілдегені жайында айтып берді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Мысалы, Батыс Қазақстан облыстық прокуратураның сенім телефонына Нығметов деген жеке кәсіпкер шағымданған болатын. Ол өзіне қатысты 16 млн теңге көлеміндегі айыппұлдың салынғанын жеткізді. Біз осы мәселені зерделеп, заңның мүлдем басқаша қолданылғанын анықтадық. Сөйтіп, прокуратура органдары Мемлекеттік кірістер департаментіне қарсылық жолдады. Себебі айыппұлды дәл сол департамент салды. Ақырында айыппұлдың көлемі 30 мыңға азайды. Енді қараңызшы, кәсіпкерге салынған айыппұл 16 млн теңгеден 30 мың теңгеге (533 есеге - авт.) төмендеді. Айыппұлдың айырмашылығы жер мен көктей", - дейді Кравченко.

Оның айтуынша, өткен жылы кәсіпкерлердің тарапынан 20 мың арыз-шағым түскен болатын. Бизнесмендер жер учаскелерін беру, мемлекеттік сатып алуларды өткізу, салықты өндіріп алу мен сан алуан әкімшілік кедергілерді келтіруге қатысты жиі арызданады.

Сондай-ақ, "Самұрық-Қазына" қоры сияқты квазимемлекеттік сектордағы сатып алуларға қатысты арыз түсіретін кәсіпкерлер аз емес. Ал шағымдардың саны жағынан Шығыс Қазақстан облысы, Астана мен Алматы қалалары көш бастап тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу