БҚО-да короновируспен күресу үшін мобильді қосымшалар енгізілмек

584

Қазіргі күні оның қайсысы тиімді екені талқыланып жатыр.

БҚО-да короновируспен күресу үшін мобильді қосымшалар енгізілмек

БҚО-да короновирус инфекциясына байланысты ахуал алаңдатарлық. Осыған байланысты өткен жиында: "Соңғы тәулікте 71 адам індет жұқтырды. Оның 34-і ауруханаға тексерілуге барғанда, 12-сі профилактикалық алдын алу барысында анықталса, 17-сі науқастармен қарым-қатынаста болғандар", - деп мәлімдеді БҚО тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Әрі қарай таратсақ, вирус жұқтырғандардың 29-ы зейнеткер, 14-і жұмысшы, 10-ы жұмыссыз адам екен. Бұдан басқа, медицина қызметкерлері мен мұғалімдер, сондай-ақ, 7 оқушы мен 1 балабақша тәрбиеленушісі бар. Бұған дейін де айтылғандай, дертті көбінесе облыстан басқа жаққа қатынайтындар мен осы аймақты кесіп өтпек болғандар әкелуде. Мәселен, БҚО арқылы өтіп бара жатқан Түркістан облысының үш азаматынан COVID-19 белгілері табылған. 

Қазір облыста 158 мониторингтік топ жұмыс істейді. Тек соңғы карантин кезінде олар 2882 тәртіп бұзушылық анықтаған, оның 304-і заңды тұлғаға қатысты. Көпшілік іс-шаралар өткізген алты бизнес нысаны бойынша іс сотқа жолданған, олардың жұмысы тоқтатылуы да мүмкін. Барлық заңсыз әрекеттердің 60 пайызын отбасылық және мерекелік тойлар мен көңіл көтерулер құрайды екен. Қалай тиым салсаң да көнбеуге айналған көпшілік енді коттедждерді жалға алып, тойлайтын болыпты. 

Ал тиесілі мекемелер мен мониторингтік топтардың бұлайша дабыл қағып, қатаңдық танытуы бекер емес. Облыс әкімі Ғали Есқалиев жағдай түзелмесе "сары аймаққа" түсіп қалулары мүмкін екенін жасырмай айтты. "Ондай кезде ШҚО-дағыдай аймаққа тек ПТР- тестімен кіріп-шығамыз" деп те шегеледі.

БҚО-ның Ресейдің кей облыстарымен шектесетіні де қиындық келтіріп тұр. Ол жақпен сауда-саттық қарым-қатынасы берік орнаған, азық-түлік, өндірістік, басқа да тауарлар жиі тасымалданатын. Оған үзілді-кесілді тиым салу өңір экономикасына кері ықпалын тигізуі ықтимал. 

Енді облыста дерттің алдын алу, таратпаудың ерекше үлгісі тәжірибеге енгізілмек. Ол бойынша инфекция жұқтырған адамдар мен СЭС қызметкерлеріне ұялы телефонына онлайн қондырғылар жүктеп алу және әбден жазылғанша өшірмеу міндеттеледі. Сол арқылы науқастардың жүріс-тұрысы мен жағдайы бақыланбақ. Қазіргі күні БҚО-да "Saqbol", "Zertteu", сонымен қатар, Smart Uralsk" құрылғылдарының қайсысы тиімді деген мәселе қарастырылып жатыр. 

Белгілі болғандай, Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жасап шығарған құрылғылардың кейбір қызметі бір-бірін қайталаса, кейбірінде өзгешеліктер бар. Атап айтқанда, "Zertteu" қосымшасы эпидемиологиялық тексеруге жақсы көмектеседі және шетелден келгендер үшін тиімді, себебі, жеке бас деректерін қағаз жүзінде толтырып жатпай, электронды түрде жіберуге мүмкіндік береді. "Saqbol" мен "Smart Uralsk" қосымшалары Covid-19 диагнозы нақтыланған адаммен жұмыс істеуге қолайлы, мәселен, оның телефонынан басқаларға "ПТР-тест өткізіңіз, сіз вирус жұқтырған адаммен байланыста болуыңыз мүмкін" деген сияқты анонимді хабарламалар жібере алады.  

Әрине, бұл қосымшаларды пайдалану үшін облыстың бас мемлекеттік санитары арнайы қаулы шығарып, ол жөнінде науқасты емдеу хаттамаларына енгізілуі керек. Алдағы апта ішінде олардың біреуі нақты таңдалмақ. 

Құралай Қуатова
Фото: The Financial Express

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу