БҚО-да көршілерін "ұстап" берген 8 адамға сыйақы берілді

6781

Олар карантин кезінде тойлатпақ болған.

БҚО-да көршілерін "ұстап" берген 8 адамға сыйақы берілді

Батыс Қазақстан облысында карантин кезінде жиналып, той-томалақ жасамақ болған адамдарды "ұстап" берген 8 азаматқа сыйақы берілді. Олардың әрқайсысына уәде етілгендей 20 мың теңгеден, барлығы 160 мың теңге төленген. Сондай-ақ, облыстағы мониторингтік топтар 25-28 желтоқсан аралығында 11 банкетті анықтап, өтуіне тосқауыл қойыпты. Ал 29 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында 15 хаттама толтырылып, ол бойынша 708 мың теңге айыппұл салынған. 

БҚО облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінен белгілі болғандай, қазіргі күні облыс бойынша 150 мониторинг тобы жұмыс істейді, оның 20-сы Орал қаласында. 

Айта кетейік, бұған дейін көршісінің тәртіп бұзғанын хабарлаған тұрғынға сыйақы төленетіндігі жөнінде айтылғанмен, оның жүзеге асатынына халық түгелдей сенімді болмаған. Ол бойынша әлдекімнің карантин талабына қайшы әрекет жасағанын немесе жасайтын ниеті барын білген адам "102" қызметіне хабардасуға тиіс. Әрі қарай, ақпарат анықталса, хаттама толтырылып, кінәлі тұлғалар 83 мың теңге айыппұл төлейді де, арнайы құрылған облыстық комиссия сыйақы төлеу мәселесін қарайды. Жоғарыда аталған сегіз тұрғынға сыйақы төлеуді комиссия мүшелері бірауыздан мақұлдапты. 

Қолға алынған шаралар қатаң көрініп, көршілердің арасына сына қағатындай көрінгенмен, өңір басшылығының оған амалсыз барып отырғаны анық. Себебі, короновирус көрсеткіші бойынша қолайлы "жасыл аймаққа" кіріп үлгерген БҚО 22 желтоқсан күні қайтадан "сары аймаққа" ауысты. Қазіргі күні елдің батыс аумағы бойынша тек қана Атырау облысы "қызыл аймаққа" кіріп тұр.   

Құралай Қуатова

Фото: yk-news.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу