Қазіргі күні Батыс Қазақстан облысы коронавирус инфекциясының көрсеткіші бойынша "жасыл" аймақ қатарында. Соған қарамастан, өңірде бақылауды босаңсытып жібермей, қатаң қадағалап отыру керек деп санайды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Оған себеп те жоқ емес. Ресейдің көршілес Самара облысында бір күнде 1 700 дерт жұқтырғандар тіркеліп отыр. Ал екі елдің арасындағы шекара арқылы қатынайтындар саны көп, соның ішінде Ресейдің медицинасына жүгініп баратындар саны қалың. Бұл мәселені жедел штаб отырысында ортаға салған облыс әкімі Ғали Есқалиев облыс тұрғындарының дәрігердің көмегін алу үшін РФ мен басқа да шетелдердің көмегіне жүгіруге мәжбүр екенін сынға алды. Белгілі болғандай, мұның бір себебі өңірде қажетті медициналық құрал-жабдықтардың жоқтығында болып шықты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибековтың айтуынша, тек қана ана мен баланы қорғау қызметі үшін медициналық жабдық сатып алуға 3 931,0 млрд теңге, кардиологиялық қызметті дамытуға 1 346,0 млрд теңге, алғашқы медициналық-санитариялық көмекке 2 млрд теңге керек. Осының салдарынан биыл жыл басынан бері ана өлімінің коэффициенті екі есеге өсіп, нәрестелер мен балалар өлімі орташа деңгейден жоғары болған.
Жиын барысында медициналық құрал-жабдықты сатып алу процесінің ашық болуы үшін денсаулық сақтау басқармасы жанынан бизнес-кеңес құру жайы қаралды. Мұндай жағдайда құрал-жабдықтар сатып алуға берілген өтінімдер жаңа кеңес арқылы қаралып, содан кейін барып БҚО денсаулық сақтау басқармасының сайтында жарияланбақ. Кеңес құрамына тәуелсіз сарапшылар, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары кіреді.
Сондай-ақ COVID-19 дертінің алдын алу, болдырмау барысында "әттеген-ай" дегізетін жайлар орын алған. Атап айтқанда, Орал қаласының №1, 10, 23 мектебінің мұғалімдері мен №14 балақашасының тәрбиешісі "Ashyq" қосымшасы арқылы "қызыл" түс жанғанынан қарамастан білім ошақтарына кіріп кетпек болған. Олардың ішінде балаларды ауру жұқтыруы мүмкін екенін біле тұра ПЦР-тесттің оң нәтижесімен жұмысына қатынап жүргендер кездескен.
Құралай Қуатова