БҚО-да мектеп директоры жауапқа тартылды

1406

Оған оқушыға зорлық жасалғанын білді деген айып тағылуда.  

БҚО-да мектеп директоры жауапқа тартылды

БҚО-да былтыр маусым айында өгей қызын бірнеше мәрте зорлаған Жаңақала ауданының 1982 жылға тұрғыны 22 жылға сотталған болатын. Белгілі болғандай, ол бұған дейін қарақшылық және аса ірі мөлшердегі ұрлық баптарымен екі рет жазасын өтеген болып шықты. Алайда, аталған іс мұнымен бітпепті, қазіргі күні кәмелетке толмаған қыз оқитын мектеп директоры да жауапқа тартылып отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Құқық қорғау органдары білім беру ұйымының басшысына қыздың отбасында не жағдай болғанын біле тұра хабарламады деген айып тағып, үйқамақта ұстау жөнінде шешім қабылдаған. Бұған тергеу кезінде қылмыс жасалған кезде жасы бар-жоғы онда болған қыз баланың 2019 жылғы сәуір айында "мұғалімдеріме айттым" деген бір ауыз сөзі себеп болып отыр. Соған байланысты мектептің психологы, интернат меңгерушісі, әлеуметтік педагог сынды 11 қызметкерінен жауап алынып, ұстаздардың бәрі зорлық дерегі жайлы хабардар болғанын теріске шығарады. Олардың барлығына қатаң сөгіс беріліп, мектеп басшысы жауапқа тартылған. Оның кінәсі дәлелденсе, алты жылға сотталуы мүмкін.

"Тергеу біржақты жүргізіліп отыр және мұндай жағдай кез-келген мұғалімнің басына түсуі мүмкін", - деп есептейді мектеп директорының адвокаты Айсұлу Биялиева.

Ол айыпталушының үстінен іс қозғалуына оған прокурордың қырын қарауы себеп болды деген пікірде. Сондай-ақ, оқиғаның каникул кезінде және мектеп қабырғасында болмағанын, келеңсіз жайға, негізінен, қыздың ата-анасы мен жақындары айыпты екенін алға тартады.

Бір сорақысы, қызының өгей әкесі тарапынан зорлыққа ұшырағанын оның анасы да білген. Бірақ, ол паранойялық шизофрения ауруымен есепте тұрған болып шықты. Қазіргі күні қылмыстық іс прокуратураға тапсырылған.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу