Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында "Мұнайгаз саласы үшін машина жасау кіші кластерін дамыту" тақырыбында өткен форумда мемлекеттік құрылымдар, даму институттары, ұлттық, ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар, университеттердің, Атырау мен Батыс Қазақстан, сондай-ақ Ресейдің Самара облысының өкілдері және кіші кластерге қатысушылар бас қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиында БҚО әкімінің орынбасары Игорь Стексовтің атап өткеніндей, Батыс Қазақстанда ұлттық кластер аясында мұнайгаз саласында машина жасау кіші кластерін дамыту басым бағытқа ие болып отыр. Кіші кластерді қалыптастыру консорциум аясында кооперация тәжірибесін тереңдетуге, жаңа ғылым мен технология жетістіктерін алмасуға септесуге, жаңа өндіріс орындарын ашып, кіші кластерге кіретін барлық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыста мұнай бен газ өндіру және барлаумен сегіз компания айналысады. Өнеркәсіп өнімдерінің 90 пайыздайы кен өндіру өнеркәсібінің үлесіне тиеді. Бұл ретте "ҚПО б.в." мен "Жайықмұнай" ЖШС негізгі өндірушілер болып табылады. Былайша айтқанда, Қарашығанақ, Чинарев және басқа кеніштерді игеру жобалары облыстың мұнайгаз саласындағы машина жасауды дамытуға елеулі әсерін тигізе алады.