БҚО-да он адам екі елден зейнетақы алып отырған

588

 Олар айыппұл төлеп, артық ақшаларын кері қайтармақ.  

БҚО-да он адам екі елден зейнетақы алып отырған

БҚО-да 2020 жылдың басынан 56 қос азаматтық алу дерегі анықталған. Ал 10 зейнеткер Қазақстан мен Ресей елдерінен бірдей зейнетақы алып отырған. Бұлардың барлығы да – Қазақстан азаматтығынан Ресей азаматтығына өткендер.

"Заңға сәйкес, ҚР азаматы өзге елдің азаматтығына өтініш бермес бұрын бұл жақтың азаматы атанудан бас тартуы тиіс. Ол үшін тиесілі құжаттарын 30 жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына немесе өңірдегі сыртқы істер министрлігіне қарасты мекемелеріне тапсыруы қажет. Басқаша жағдайда бұл әрекет алаяқтық ретінде бағаланып, ҚР азаматтық жөніндегі заң нормаларын бұзғаны жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалады", - деп түсіндіреді БҚО полиция департаментінің аға инспекторы Алмас Нұр.

Әдетте Ресейге көшуді ойлаған тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тұрғылықты мекен-жайын біржолата ауыстыру үшін құжат жинайды. Мемлекет алдында қарызы жоқ адамға қалаған жағына көшуге кедергі жоқ, тек ол басқа елдің төлқұжатын алғаннан кейін қазақстандық құжаттарын бір ай ішінде тапсыруы керек. Бұл процедуралар қатаң қадағаланады, соған қарамастан екі бірдей азаматтық рәсімдеуге түрлі құйтұрқылықтармен қол жеткізетіндер бар.

Айтқандай, екі елден бірдей зейнетақы алып отырған он зейнеткер енді 100-200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Заң бойынша оларға Қазақстан аумағына бес жылға дейін кіруге тиым салуға да болады. Биыл Батыс Қазақстан облысынан шетелге тұрақты тұру үшін 668 адам көшкен. Былтыр осы уақыт аралығында 1354 адам көшкен екен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу