БҚО-да шаруа қожалығына әскери полигон аумағынан жер берген

1070

Әскерилердің оғы малшыларды әбден шошытыпты.  

 БҚО-да шаруа қожалығына әскери полигон аумағынан жер берген

БҚО Теректі ауданында "Досанов" шаруа қожалығының иесі мен әскери полигонның арасында дау туды. Кәсіпкер осыдан жеті жыл бұрын полигонға екі шақырым қашықтықтан жер алады. Ал бұл маңайда әскери полигонның бары бесенеден белгілі болған, оның жұмыс істеп келе жатқанына ширек ғасыр өткен.

Өкінішке орай, содан бері малшы қауіпті "көршісімен" араздасып келеді. Өйткені мал жайып жүрген адамдар мылтықтар мен снарядтар тарс-тұрс етіп атылған сайын жазатайым оқ тиіп кете ме деп бас сауғалап, тұра қашады екен. Ал балалар айдалада атылған оқтарды ертедегі садақ жебесін тапқан археологтар құсап жинап, солармен ойнайды.

"Таңертеңнен кешке дейін атады да жатады, кейде БТР, танкі сияқты дүниелері іске қосылғанда соғыс болып жатқандай әсер қалдырады. Мені "сіздерге қарай оқ ұшпайды" деп тыныштандырмақ болады. "Оқ ұшпаса, шекараларыңызға солдат қойып қойыңыздар, сонда мен қорықпастан малымды жая берем" десем, "олай болмайды, олар да – біреудің баласы, жазым болса қайтеміз" дейді", –  деп таң қалады кәсіпкер Ислам Досанов.

"ҚР "Ұлттық гвардия туралы" заңы бойынша, бұл жерден үш километр аумаққа дейін тұрғындарға жер берілмеуі тиіс! Өйткені әскери жаттығу алаңының радиусы – 3 км. Жергілікті басшылық бұл аумақтан қандай негізде жер бергенін білмейміз", – дейді БҚО 5517 әскери бөлімінің өкілі Мэлс Дулатбаев.

Теректі ауданының әкімдігі жауапкершілікті бұдан жеті жыл бұрын қызмет атқарып кеткен әкімге жауып отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Гүлбаршын Раишова түсіндіргендей, "Досанов" шаруа қожалығы ол жерде тұрғысы келмесе, босаған жер телімі туралы конкурс нәтижесін күтуі керек, оны ауданның басқа жеріне көшіретін басқалай мүмкіндік жоқ.  Енді кәсіпкер Ислам Досанов әкімдікті сотқа беріп, прокуратураға шағымданбақ ниетте. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу