БҚО-да тоқтап қалған зауыт құрылысы қайта басталмақ

1095

Ірі инвестициялық жобаға көп үміт артылып отыр.

БҚО-да тоқтап қалған зауыт құрылысы қайта басталмақ

БҚО Теректі ауданы Алғабас ауылында салынып жатқан мұнай өңдеу зауытының құрылысы қайта басталмақ. Айта кетейік, екі жыл бұрын құрылыс тапсырыс беруші "АВЅ-Мунай" ЖШС мен мердігер "Евро Стандарт ЛТД" ЖШС арасындағы жалақы дауына байланысты тоқтап қалған болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

2019 жылы қыркүйек айында компанияның 132 қызметкерге 12,6 млн.теңге берешек екені белгілі болды. Олар, негізінен, арнайы техникамен, жұмыс күшімен жабдықтаған және тамақтандыруды, тазалықты, күзет жұмыстарын қамтамасыз ететін БҚО және Атырау облыстарының қосалқы мердігер компаниялары болатын. Қазіргі күні оның 8,3 млн.теңгесі өтелген. 

"Құрылыс қайта басталады. Биыл оған салынған 50 млн.теңгеге жуық қаражат игерілуі керек", - дейді Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов.

Белгілі болғандай, қаражаттың алғашқы траншы күтіліп отыр. Сондай-ақ, басшылық құрылыс басталған жағдайда оған жергілікті жұмысшыларды көптеп тартуға атсалыспақ.

БҚО-дағы мұнай өңдеу зауытын салу жобасы 420 млн.доллар құрайды. Құрылысқа тапсырыс беруші "АВЅ-Мунай" қазақстандық компаниясы зауыт салатын қаражатты Біріккен араб әмірлігінің "West Hydrocarbons Commercial Investment LLC" компаниясынан алмақ. Зауыт жайлы ұсыныс 2018 жылы жазда жасалып, ол үшін Алғабас ауылынан 50 га алаң бөлініп, тегістелген еді.

Жоба бойынша, Қарашығанақ кен орнының шикізатын жаратуды көздеген зауыт тәулігіне 16 мың баррель мұнай өңдеуі тиіс. Шығаратын дайын өнім – "Еуро-5" класты бензин, дизель отыны, керосин және битум болмақ. Оны ішкі нарықтан бөлек, бір бөлігін экспортқа шығару да қарастырылған. Жұмыс көлеміне Алғабастан Ресейге қатынауы тиіс 6 шақырымдық теміржол құрылысы да енгізілген. Зауыт 2021 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.  

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу