БҚО-да төрт ауыл жойылды

1325

Оларды сақтап қалу экономикалық жағынан тиімсіз. 

БҚО-да төрт ауыл жойылды

БҚО-да төрт ауылды тарату жөнінде шешім шығарылды. Олардың барлығы Теректі ауданына қарайды.

Облыс басшылығы БҚО облыстық мәслихатының "Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының кейбір елдімекендерін тарату туралы" Теректі аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихатының 2020 жылғы 30 қыркүйектегі бірлескен қаулысын негізге ала отырып, Ақжайық ауылдық округінің Сүттігенді, Аңқаты ауылдық округінің Жаңаауыл, Аңқаты ауылдық округінің Тасаншеген, Шағатай ауылдық округінің Қарабас елдімекендерін жою жөнінде шешім шығарды. 

"Біз жергілікті билік пен мәслихат органдарының ұсынысына сай шешім қабылдадық. Шағын елдімекендерді тарату жөніндегі заң ережелеріне сәйкес тұрғын саны елу адамнан аз елдімекендер таратылуға жатады", - деп түсіндірді облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар. Тағы да білгеніміз, Теректі ауданының кей ауылдары Ресеймен шекараға жақын, бірақ дәл осы атауы мен тіршілігін жойған төрт ауыл шекарадан шалғай. 

Айта кетейік, облыста бұған дейін де келешегі жоқ деп есептеліп, тарап кеткен кішігірім ауылдар бар. 2018 жылы Казталов ауданының Кішкенешал, Таскүтір, Құрман елді мекендері жойылған. Оның біріншісінде он, екіншісінде 12, үшіншісінде мүлдем адам тұрмайды екен. Бұған дейін өңірдегі елдімекендерді жоюға бір ғана адам – облыстық мәслихаттың депутаты Қатауолла Ашығалиев қарсы шыққан. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу