Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін үш бірдей әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық құрылыс басқармасы өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, 3 нысанның ішінде ең үлкені - Орал қаласында бой көтеретін оқушылар және жастар сарайы, құны 2,841 млрд теңге.
Ақсай қаласында дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысы аяқталып келеді, құны 866,526 млн теңге. Бұл екі нысан да "ҚПО б.в." қаржысына салынуда.
Зеленов ауданы Озерный ауылында жергілікті бюджет есебінен 48 орындық мектеп (217,650 млн теңге) пайдалануға берілмекші.
Жалпы, биыл барлық қаржы көзінен әлеуметтік нысандар құрылысына 1429,663 млн теңге бөлінді, оның 1142,580 млн-ы жергілікті қазынадан, 287,083 млн-ы - Ұлттық қордан бөлу қарастырылған. Бұған дейін үш нысанның құрылысы тәмамдалды. Олардың екеуі балабақша болса, біреуі - Оралдағы қалалық көпбейінді аурухана.
Оқушылар және жастар сарайынан Рио олимпиадасының чемпионы, Батыс Қазақстанның түлегі Данияр Елеусіновтің бокс орталығы да ашылатын болады.
ҚазАқпарат