БҚО-да үш жүзден астам киік қырылып қалды

2310

Оларға жай түскен болуы мүмкін.

БҚО-да үш жүзден астам киік қырылып қалды

БҚО Жәнібек ауданы Тау ауылының маңайында 372 бас киік өлексесі табылған. Олардың көпшілігі – аналық туша. Болжам бойынша, олар жай түсіп, содан қырылған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Оқиға жайлы белгілі болысымен, ол жерге дереу экология, санитарлық-эпидемологиялық қадағалау, ветеринария, ТЖ мекемелері мен ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті инспекциясының өкілдері барған. Қазіргі күні арнайы комиссия құрылып, киік өлекселеріне лабораториялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. 

"Бұған дейін сол жерде қатты жаңбыр жауып, найзағай соққан. Киік еттерінде найзағайдың кесіп өткен іздері бар, соған қарағанда оларды жай соққан болуы мүмкін", - дейді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бастығы Қайрат Қадешев.

Алайда жергілікті тұрғындар осынша көп жануардың бір мезгілде найзағай түсіп, мерт болғанына күмәнмен қарайды. Олар әлеуметтік желіде киіктердің шытыр жеп өлуі мүмкін екендігін жазуда.

Айта кетейік, шытыр – мал жейтін өсімдік, бұл мезгілде ол әлі пісіп-жетіле қоймаған, сол себепті, улы болып, малдың ішін кептіріп жіберетін көрінеді. Өз кезегінде Қайрат Қадешев былтыр да 62 киіктің жай түсіп өлгенін алға тартады. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу