Ақтөбелік шаруалар өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылық өнімі экспортының өсімін қамтамасыз ету мақсатында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдануда, деп хабарлайды "Ақтөбе ақпарат" ақпараттық орталығы.
Сонымен, "Актеп" ЖШС ауыл шаруашылық кәсіпорны Батыс Қазақстандағы жаңбырлатып суарудың ең үлкен жүйесін іске қосты. Бірегей суару құрылғысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа таныстырылды.
Кәсіпорынның өз қаражатына суару радиусы 750, 395, 385, 375 метрлік жеті жаңбырлатқыш машина сатып алынды. Жалпы суару аумағы 440,5 гектарды құрайды. Бірегей құрылғы тыңайтқыш қосу кешенімен жарақтанған, ал қашықтан басқару жүйесі онлайн тәртібінде жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
"Облыстың картопқа деген жалпы қажеттілігі 30 мың тонна болса, аталған технологияның көмегімен біз келесі жылы 5 мың тонна картоп жинаймыз деп күтудеміз. Бұл осы ауыл шаруашылық дақылының импорт көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік береді", - деді жоба басшысы Боранбек Ақтайлақов.