БҚО-да жоғалып, табылған бала әжесіне қайтарылды

817

Отбасындағы жағдай бір ай бақылауда болады.

БҚО-да жоғалып, табылған бала әжесіне қайтарылды

Батыс Қазақстан облысында жоғалып кетіп, көршісінің қорасындағы шөп арасынан табылған бала әзірге әжесінің қолында қалдырылды. Туыстарының бір ай сынақ мерзімі ішінде оған дұрыс қарамайтыны анықталса, ата-аналық құқықтарынан айырылмақ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Айта кетейік, Бәйтерек ауданы Зеленов селосында тұратын сегіз жасар Денис Горшунов 13 қазан күні кешке жоғалып кетіп, бүкіл ауыл болып іздеген еді. Оны таңертең көршісінің қорасындакғы үйілген шөпте ұйықтап жатқан жерінен тауып алды. Белгілі болғандай, баланың анасы 2018 жылы қайтыс болған, оның қамқоршысы ретінде әкесі белгіленген. Алайда әкесі қалада жұмыс істейтіндіктен Денис ауылдағы әжесі мен оның азаматтық некедегі күйеуінің қолында өсіп жатқан. Тосын оқиғадан кейін ауылдастары баланың жай-күйіне алаңдаушылық танытқан болатын: ол таңнан кешке дейін жартылай жалаңаш күйінде мал бағып, үнемі ашқұрсақ жүретін көрінеді. Дүкеннен бірнеше рет тамақ сұрап жеген. Жергілікті тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырған Денис Горшунов қазіргі күні өзінің сұрауымен әжесінің қолына қайтарылған.

"Баланың туыстарына 25 қарашаға дейін сынақ мерзімі берілді. Осы уақыт ішінде тиесілі органдар отбасындағы жағдайды назарда ұстайтын болады", – деп хабарлады БҚО ПД баспасөз қызметінен.

Бұл туралы шешім облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында қабылданған. 

Өкінішке қарай, балалардың қараусыз қалуы кейде ауыр салдарларға әкеп соғып жатады. Атырау облысы Махамбет ауданында 5 қазан күні кешке жоғалып кеткен үш баланың денесі ертеңіне өртеніп кеткен шөп арасынан табылып, ауданда аза тұту күні жарияланған болатын.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу