БҚО-да "Жолаушы" МКК сатылмақ

1352

Өңірде жекешелендіруге жататын ұйымдар белгіленді.

БҚО-да "Жолаушы" МКК сатылмақ

Батыс Қазақстан облысында бірқатар коммуналдық мекемелер сатуға шығарылды. Олардың бірі – Жәнібек ауданындағы "Жолаушы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың айтуынша, кәсіпорын жекешелендірудің екінші толқыны аясында жекешелендірмек. Қазіргі күні оның құны 1 млрд.теңгеге бағаланып отыр. Ол кейіннен алу құқығымен бес жылға сенімді басқаруға беріледі. 

Белгілі болғандай, ауданның үш ауылын сумен және жылумен қамтамасыз ететін "Жолаушы" МКК 2003 жылы құрылған, балансында Талов, Қамысты және Жәнібек ауылдарындағы су құбырлары, насос стансасы, резервуарлар, бөлек электр трансформаторы бар. Аукционға қойылған көп мекемеден айырмашылығы, кәсіпорынның қазіргі күні ешқандай қарызы мен несие берешегі жоқ. Соған қарамастан, Ресеймен шекаралас жатқан ауданда халық тұтынатын су мәселесі өзекті күйінде қалып келеді. Атап айтқанда, мұнда бес елдімекен Еділ өзенінен келетін суға тікелей тәуелді. Ал көрші ел оны валюта бағамына қарап есептейтіндіктен, су бағасы жыл санап өсіп отырады. Мәселені шешу мақсатында 2021 жылы респубилкалық бюджеттен РФ Саратов облысындағы Ворфолемей құбырынан су сатып алуға 3,5 млрд теңге бөлінген болатын. Сондай-ақ, бұған дейін 2020 жылдың қаңтар айында "Жолаушы" МКК қоғамдық тыңдаулар өткізіп, табиғи монополияларды реттеу департаментіне су тарифін өсіру жөнінде ұсыныс бергені белгілі. 

Қазіргі күні бәсекелес ортаға берілуі тиіс нысан жөніндегі мәліметтер мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталында жарияланған. Оны байқаудан жеңіп алған иесі штатты қысқартпауға, жалақыны сақтауға және мекеменің бағытын 20 жыл бойына өзгертпеуге міндеттеледі. 

БҚО бойынша "Жолаушы" МКК, "Батыс Су Арнасы", "ЗапКазРэк" сынды коммуналдық кәсіпорындар қатар, "Юность" стадионы, "Ақжайық" футбол клубы, басқа да спорт нысандары жекелешендіруге жататын ұйымдар тізіміне енгізілген. Оларды сатудан түскен қаражат облыстық бюджетке бөлінеді.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу