БҚО-да жылқыға соғылған көліктегі үш адам опат болды

1281

БҚО-да жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетін дұрыс атқармағаны үшін аудан әкіміне сөгіс жарияланды.

БҚО-да жылқыға соғылған көліктегі үш адам опат болды

Орал-Атырау тас жолындағы апат кезінде бір үйдің үш бірдей адамы қаза тапқан, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Айта кетейік, қайғылы оқиға 16 мамыр күні Ақжайық ауданы аумағында болған. Онда "ВАЗ-21113" автокөлігі екі жылқыға соғылып, соның салдарынан үш адам қайтыс болған. Көз жұмғандардың біреуі – жасөспірім. Белгілі болғандай, олар бір отбасының адамдары екен: әкесі, баласы және немересі. Ал мал иесі әлі күнге анықталмаған. 

Облыс әкімі Ғали Есқалиев аталған трассада қараусыз малдардың кездесуі салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі болатыны жөнінде бұған дейін де ескерту бергеніне қарамастан, ешқандай нәтиженің жоқтығын алға тартып, Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке тас жолдағы үш адамның өмірін қиған жол апаты үшін сөгіс жарияланды. Сондай-ақ, ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетовке қатысты қызметтік тергеу жүргізілмек. 

"Ветеринария басқармасының қызметі нашар екенін атап айтқым келеді. 2020 жылы жолда төрт түлік малмен соқтығысқан 49 авария болған, оның 43-інде мал иелері анықталмаған", - деп атап өтті өңір басшысы.

Ал биыл жыл басынан бері осы ауданға қатысты жолдарда 17 жол оқиғасы болып, 20 адам қайтыс болып, 40 адам түрлі деңгейде жарақат алған. 

"Көліктің малға соғылуы, негізінен, түн мезгілінде көп кездеседі. Жүргізушілер қараңғыда аяқ астынан шыға келген малды байқамай қалады. Біз мұндай жағдайлардың алдын алу үшін "Электронды бақташы" жүйесі енгізілетін жерлерді белгілеп қойдық, бірақ, бұл бағыта ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ", - дейді БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.

Өз кезегінде "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ өкілдері жаңа жүйенің жақын арада іске қосылатынына уәде берді. 

Батыс Қазақстан облысының күре жолдары қазіргі күні тұрғындарға да, төрт түлікке де қауіпті болып тұр. Бұған дейін бір үйір жылқының көліктердің соқтығысуы салдарынан жанып кеткенін жазған болатынбыз.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу