БҚО-дағы "Марченконың ісі" қызу талқыға түсті

770

Оның қорғаушысы қыздың жасын жасырып, жалған айтқанын алға тартып отыр.

 БҚО-дағы "Марченконың ісі" қызу талқыға түсті

БҚО-да он екі жасар қызды зорлады деп айыпталған Анатолий Марченкоға алқабилер шешімімен екі жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілгенін жазған болатынбыз. Бұл шешім қазіргі күні ел ішінде үлкен талас-тартысқа өзек болып, кеңінен талқылануда. 

Соған байланысты БҚО сотының баспасөз қызметі түсініктеме берді.

 "... Марченконың ісі бойынша айтсақ, ол ҚК-нің 120-бабының 4 бөлігі (кәмелетке толмаған жасты зорлау) бойынша айыпталды. Айыптау актісі бойынша Марченко зорлық-зомбылықты қолданбаған, бірақ бұрын таныс болған жәбірленушінің жасын пайдаланып, онымен табиғи түрде жыныстық қатынас жасаған. Бұл аса ауыр қылмыс болғандықтан, сотталушы істі алқабилердің қарауын сұрауға құқылы. Марченконың өтініші бойынша істі алқабилер соты қарады. Қазылар алқасының алдында жауап беретін сұрақтар қойылды. Шешім көпшілік дауыспен қабылданды. Қазылар алқасының құрамында он адам: 7 әйел және 3 ер адам, 1 судья. Әрқайсысының бір дауысы бар. Алқабилердің үкіміне сәйкес: 1) сотталушы жәбірленушінің 14-ке толмағанын білмеді; 2) ерікті жыныстық қатынас орын алды; 3) сотталушыға бостандықты шектеуді тағайындауы керек. Тағы да қайталап айтамыз: заң судьяға алқабилердің шешімдеріне әсер етуге тиым салады. Бұл шешімдер үшін қазылар алқасы қалай және кім дауыс берсе, сот оны жария етуге құқылы емес. Бұл кеңесу бөлмесінің құпиясы. Істің мән-жайлары туралы толығырақ жазу мүмкін емес, іс жабық режимде қаралды. Бүгінгі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ. Шағым түскен жағдайда апелляциялық сатыдағы сот қабылданған шешімнің заңдылығын тексереді", – деп жазылған сот баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Анатолий Марченконың адвокаты Юрий Кобзарев өз кезегінде жәбірленуші өзінің физикалық дамуы мен сыртқы келбеті жағынан үлкен көрініп, ересек бойжеткендерге ұқсайтынын алға тартады. 

"Қыз Марченкомен әлеуметтік желілерде хат алысқанда өзінің жасын 4-5 жасқа үлкен көрсеткен. Бұдан бөлек, ол анасымен саяжайда тұратыны жайлы да өтірік айтқан, шындығында әжесімен тұратын болып шықты. Сол сияқты, құқық қорғау органдарына да оқиғадан кейін арада бір ай өткен соң арызданып отыр", – дейді Юрий Кобзарев.

Айыпталушының куәгері "таралымдарын көбейту үшін әдейі шу шығарып, резонанс тудырып отырған" журналистерге де ренішін білдіреді. 

Сонымен бір мезгілде, Қазақстанның отыздан аса үкіметтік емес ұйымдарының басын қосатын "Қазақстан әйелдер күштері альянсы" ҚР Жоғарғы сот төрағасына ашық хат жазып, өздерінің БҚО-дағы жағдайға байланысты сот шешіміне наразылығын білдіруде.

Хат мәтіні альянс төрағасының орынбасары Әзиза Шужееваның Facebook парақшасында жарияланған. Онда ұйым мүшелері осындай шешім шығарып отырған алқабилер алқасы мүшелерінің толық аты-жөндерін көпшілікке ашық жариялауды сұрайды. Қазіргідей кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасау деректері жиі кездесіп отырған кезде қылмыскерге жеңілдік жасап, мұндай қылмысқа бей-жай қарау – педофилия құбылысының одан әрі өрістеп кетуіне жол ашуы мүмкін деген қаупін білдірген қоғам белсенділері жақында болған Қарағанды облысы Сәтпаев қаласындағы оқиғаны еске түсіреді. Онда тұрғындар сот және құқық қорғау органдарының әділдігіне сенбей, кінәлі адамды жазалау үшін өздеріне беруді сұраған еді.

"Құрметті Жақып Қажманұлы! БҚО-дағы сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сізден бұл істі өз қолыңызға алып, қайта қарап, масқара шешімнің күшін жоюыңызды және алдағы уақытта балаларға қатысты кез-келген сексуалдық сипаттағы қылмыстың "заңдастастырылуына" жол бермеуіңізді сұраймыз!" деп жазылған ашық хатта. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу