БҚО Круглоозерный ауылында жалғыз дәріхана жабылды

696

Өңірдегі дәріханаларды тексерген мониторинг тобы 47 заң бұзушылықты анықтады.

БҚО Круглоозерный ауылында жалғыз дәріхана жабылды

Орал қаласының іргесінде Круглоозерный елді мекеніндегі жалғыз дәріхана жабылды. Жүргізілген рейд кезінде оның иелеріне талаптарды орындамай отыр деген айып тағылды. 

Жалпы Батыс Қазақстан облысында дәріханаларды тексеру барысында 47 заң бұзушылық тіркелген. Олар, негізінен: дәрі-дәрмектерді рецептсіз беру, лицензиясыз жұмыс істеу, дәрі-дәрмектерді құжаттарсыз және бағасын көтеріп сату секілді әрекеттер екен. Осындай заң талаптарын бұзды деп танылғандардың бірі - бес жарым мың халқы бар Круглоозерный ауылындағы жалғыз дәріхана болып шықты. Оған 540 мың теңге айыппұл салынып, әзірге бір айға жабылып отыр. 

Фармацевт Тұрсынай Өтеғұлова арнайы мониторинг тобы жүргізген рейдке наразы. Оның айтуынша, шағын дәріханада тіпті айыппұл сомасын өтейтіндей тауар да жоқ. 

"Жұмысқа жаңадан келген қызметкер олқылық жіберген екен. Ол дәрі-дәрмекті рецептісіз сатыпты. Сатқан дәрісі – бір мың теңге тұратын азитромицин таблеткалары. Бізде мұндай дәрілер мүлдем жоқ болатын. Оны инспекторларға да айттым. Мүмкіндігінше, тұрғындарға қажет медикаменттерді іздеп, соларды ғана алып отырамыз", – дейді Т.Өтеғұлова.

Дегенмен, өңірдегі дәріханаларды тексерген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен бірге санитариялық дәрігерлер "заң қатал, бірақ, ол заң" деген қағиданы ұстанып отыр.

"Дәріханалардың 90 пайызы –шағын бизнес нысандары. Айыппұл сот шешіміне сай 200 айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды. Барлық дәріханаларға ол жөнінде алды ала ескертілген", – дейді БҚО тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Жамила Мәдимарова.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу