БҚО мектептеріне мониторинг жүргізілді

873

Кей мектептерде бейнебақылау жүйесі жұмыс істемейді немесе талапқа сай емес.  

БҚО мектептеріне мониторинг жүргізілді

Батыс Қазақстан облысында биыл 8 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Алайда, мектептердің 20 пайызы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Осы және басқа да жайлар өңірдегі білім беру саласы нысандарына жүргізілген мониторинг кезінде анықталды, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұдан бөлек, облыста үш ауысымды 5 және апаттық жағдайдағы 7 мектеп бар. Анықталған олқылықтар қатарында – білім беру ұйымдардың 40 пайызында білім беру стандартына сәйкес оқу пәндері кабинеттерінің жоқтығы. "Химия, биология, физика пәндері бойынша оқу бағдарламасының практикалық бөлігін орындауға арналған зертханалық жабдықтар жоқ немесе жеткіліксіз. Зертханалардың қолда бар жабдықтары толық жаңартуды талап етеді. Кейбір бастауыш және шағын жинақы мектептерде кітапхана, спорт залдары қарастырылмаған. Сондай-ақ, мектеп жиһаздарын жаңарту  мәселесі де күн тәртібінде тұр", - дейді БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева.

Облыс мектептеріне жүргізілген мониторинг электронды құжатайналысы талаптарын да қарастырды. Оған сәйкес, "edu.kz" аймағында үшінші деңгейдегі домендік атаудың болуы талап етілсе, ол көп жерде орындалмаған. Сол сияқты, ұлттық білім беру деректер қорының статистикалық деректері білім беру ұйымының деректеріне сәйкес болу қажет. Алайда, білім беру ұйымының ҰББД қорында көрсетілген мәлімет нақты деректерге сәйкес келмейтіні анықталды.

 Мониторинг барысында мектептердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, санитарлық талаптардың сақталуы, асханасынан бастап әжетханасына дейін талапқа сай болуы, сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қаттамасыз етуі тиіс бейнебақылау жүйесінің мүлтіксіз жұмыс істеуі назарға алынды.  Ол бойынша тексерілген 371 мектеп бейнебақылау жүйесімен тегіс жабдықталған. Алайда, кейбір білім ошақтарында олар жұмыс істемейтін немесе қойылған стандарттарға сай келмейтін болып шықты. БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысынан білгеніміз, қыркүйек-қазан айларында қала мектептеріндегі бейнебақылау жүйелері жедел басқару орталықтарының ақпараттық жүйелеріне қосылып, дабыл түймесімен  қамтамасыз етіледі. Бұл жұмыс мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде жүзеге аспақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу