БҚО мен Қостанай облысындағы бірқатар ауылға жоғары жылдамдықты интернет тартылды

833

Желі негізінде ұялы операторлар станцияларын орналастыруға мүмкіндік алады.  

БҚО мен Қостанай облысындағы бірқатар ауылға жоғары жылдамдықты интернет тартылды

"Қазақтелеком" компаниясы "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге сапалы интернет тарту жұмысын 2018 жылы бастаған. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының 18 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту жұмысы аяқталды. Жоспарланған 52 мемлекеттік мекеменің 45-і интернетке қосылды. Ай соңына дейін бұл меже толықтай орындалмақ. Бұл туралы "Қазақтелеком" АҚ мәлім етті.

Батыс аймақтық телекоммуникациялық дирекциясының бас директоры Абай Қадырәлиевтің айтуынша, жалпы жоба басталғалы бері Батыс Қазақстан облысында барлығы 81 ауылға ТОБЖ тартылып, 287 мемлекеттік мекеме интернетке қосылған.

"Жоба басталған 2018 жылы облысымызда 3 ауылға интернет тартылды. 2019 жылы 60 елді мекенге ТОБЖ құрылысы жүргізілді. Ал осы жылы барлығы 18 елді мекенге жоғары жылдамдықты интернет тартылып болды. Әрине жұмыс толықтай бітті деуге ертерек. Дегенмен траншеялар қазып, құбырлар жүргізіп, соның ішіне кабелдерді тарту жұмыстарын толықтай бітірдік. Енді, осы тартылған желіні әкімдік, емхана, мектептерге кіргізу жұмыстары аяқталуға жақын. Бар-жоғы 7 мекеме ғана қалды. Соларға тартылған соң, Батыс Қазақстан облысы бойынша жоспар түгел орындалады дей аламыз", –  деп айтып өтті А.Қадырәлиев.

Сонымен қатар, осы айдың басында Қостанай облысының шалғайда жатқан Жангелді ауданында 7 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісіне толықтай қосылған. Аймаққа жұмыс сапары барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов желілік техникалық цех жұмысымен танысты.

Солтүстік аймақтық телекоммуникация дирекциясының бас директоры Ерсайын Дүйсемәлиевтің сөзінше, бүгінде 23 ауылдың 11 мың тұрғыны тұрақты телефон байланысымен толық қамтамасыз етілген, 9 елді мекенде ұялы байланыс жұмыс істейді, енді міне тағы 7 ауылда "Қазақтелекомның" кең жолақты интернеті тартылмақ.

"Мобильді байланыс операторларымен бірлескен жоба аясында халқы 250-ден асатын ауылдарды ұялы байланыспен қамтамасыз ету желісін құру мақсатында Ақкөл, Ақшығанақ, Көкалат, Аралбай, Тауыш, Саға, Шилі және Ахмет Байтұрсынов ауылдарында ұялы байланыс операторлары үшін базалық станцияларды орнату жоспарлануда", – деп атап айтты Е. Дүйсемәлиев.

"Қазақтелеком" мәліметінше, аймақтарға тартылған ТОБЖ өзге де ұялы байланыс операторларына осы желінің негізінде өз станцияларын орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл радиосигнал арқылы талшықты оптикалық байланыс желісі жетпеген, халқы 250 адамнан жоғары, ауылдарға интернет тарту мүмкіндігі беріледі.

Жалпы Қостанай облысында жыл соңына дейін 33 ауылдың 133 мемлекеттік мекемесін талшықты-оптикалық желіге қосу жоспарланған екен. Бүгінде бұл жұмыстың 80 % орындалған.

"Нәтижесінде осы аймақты кең жолақты интернетпен қамту 14% -дан  24% пайызға дейін артады. Бұл "Қазақтелеком" компаниясының өңірді цифрландыруға қосқан елеулі үлесі", – деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Қазақстан бойынша ТОБЖ құрылысы биыл аяқталып, барлығы 14 514 км талшықты оптикалық байланыс желісі 828 ауылдық жерге тартылмақ әрі 2496 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу