БҚО мен Павлодар облысы Түркістанға ашық аспан астындағы музей салып береді

1403

БҚО мен Павлодар облысы Түркістанға ашық аспан астындағы музей салып береді

Ашық аспан астындағы музейде Түркістан облысының киелі орындарының кішірейтілген көшірмелері көрмеге қойылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Агенттіктің ресми өтінішіне жауап берген өңірдің бас сәулетшісі Нұрлан Қақамбетов болашақ музейдің Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің маңында бой көтеретінін жеткізді.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Батыс Қазақстан облысымен бірлесе біздер "Түркістан облысының тарихи-киелі орындар орталығы" атты ашық аспан астындағы музейді салу жобасын жүзеге асыратын боламыз. Шамамен екі гектар алаңға Түркістан облысының географиялық картасының көлемді-кеңістікті негізінде, ертедегі құрылыс технологияларды қолдана отырып, оңтүстік өңірдің тарихи мәні бар ескерткіштерін салу жоспарлануда", - дейді ресми жауабында облыстық сәулет басқармасы басшысы.

Жобаны жүзеге асыру 1,5 жылға созылып, ол 2020 жылдың маусым айында пайдалануға берілмек.

"Тағы бір айта кететін жайт, идеяға сәйкес тарихи орындар көшірмелері арасында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, тамашалау алаңдары, демалатын орындар мен көгалдандыру аймақтарын салу жоспарлануда. Бұл туристерге жайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермек", - дейді Нұрлан Қақамбетов.

Айта кетейік, жобаның құны әзірше белгісіз. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленгеннен соң Түркістан облысының әкімдігі құрылысты бастауға қажет құжаттарды екі өңірге орындау үшін тапсыратын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу