Премьер-Министр кәсіпорынның жұмысымен танысып, отандық өнімдердің көрмесін аралады, сондай-ақ облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларымен әңгімелесті.
Ол бүгінде машина жасау саласы – жыл сайын орта есеппен 18%-ға өсім көрсететін, ең қарқынды дамып келе жатқан сала екенін атап өтті. Елімізде 3300-ге жуық кәсіпорын бар, оларда 115 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қосалқы бөлшектерден бастап заманауи техникаларды құрастыруға дейін көптеген өнім түрі шығарылады.
"Дегенмен салада импорттың үлесі экспорттан әлдеқайда жоғары. Олардың басым бөлігі – мұнай-газ машинасын жасау өнімі. Батыс өңірінің ерекшелігін ескерсек, бұл бағыттың әлеуеті зор, сондықтан әкімдік аталған саланы одан әрі дамытуы керек", – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр Мемлекет басшысы отандық кәсіпорындар мен инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырғанын айтты. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.