БҚО-ның үш ауданында аэродром болмақ

1156

Жоба негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтіп тұр.  

БҚО-ның үш ауданында аэродром болмақ

Батыс Қазақстан облысының үш ауданынан аэдодром ашу көзделіп отыр. Қазіргі күні оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген, - деп жазды inbusiness тілшісі. 

"2019 жылы Сайқын, Жәнібек және Казталовка аудан орталықтарында үш аэродром салуға ТЭН әзірленді. Оны "Эдли и К" ЖШС жобалық ұйымы жасады. Қазіргі таңда үш аэродром салу жобасының негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтті", - деп хабарлады өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Тимур Шыниязов.

Аиалған шалғай аудандардың орталығынан әуежай салу олардың облыс орталығымен арадағы әуе қатынасын қамтамасыз етіп қана қоймай, аудандардың дамуына оң әсер етіп, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Ал қазіргі кезде қайта жаңғыртылып жатқан

"Орал" халықаралық әуежайы ғимаратын монтаждау жұмысы 100 пайызға орындалыпты. Ескі ғимараттың аумағы 3850 шаршы метр құраса, қайта салынғаннан кейін ол 7000 шаршы метрге жетпек. Жолаушылар ағынының қарқыны жылына 267 000 деп есептеліп отыр. Қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау 2022 жылға жоспарланған.

Сондай-ақ, Тимур Серікұлы Орал қаласынан аудандар мен өзге облыстарға қатынайтын көліктер жайын да назардан тыс қалдырмады.  Осы орайда БҚО-да заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілердің көп болуы проблемаға айналып отыр. Қазіргі уақытта  аудандар бойынша 176 адам ресми түрде такси ретінде тіркелген. Әзірге еш жерде тіркелмей, осы кәсіппен айналысып жүрген 185 адам анықталған. Олардың саны бұл келтіргеннен әлдеқайда көп болуы ықтимал.

Басқарманың заңсыз такси жүргізушілермен ашық күресуі жайдан жай емес. Өйткені, облысаралық және республикалық маңызы бар трассаларда болатын жол-көлік оқиғаларының көбісіне солардың қатысы болып отыр. Сол себепті, өз бетінше жолаушы тасымалдағандардың тізімі алынып, полиция мен көліктік бақылау органдарына шара алу мақсатында жолданып отырғаны белгілі болды.

Жолаушы тасымалын заңдастырудың бір тетігі ретінде осы салада қызмет көрсетіп отырған кәсіпорындарға субсидия бөлу қарастырылған. Олардың қызмет ақысы да қолжетімді, мәселен, аудандарға 2000-2200 мың теңге, көршілес облыстарға 4000-4500 теңге құрайды. Қазіргі уақытта облыстағы 12 ауданның 11-і автобус маршруттарымен қамтылған. Жақын арада Федоровка ауылына автобус шығады, сөйтіп, барлық аудан орталықтары жолаушылар көлігімен қамтылады. Бұдан бөлек, жаздыгүні қатынайтын адамдар саны көп болып, аудан әкімдігінен ұсыныс түсуіне байланысты Жәнібек ауданына  баратын рейс саны көбейтілмек екен.

"Соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен бөлінетін субсидия көлемі артып келеді, сонымен қатар субсидияланатын маршруттар саны да өсуде. 2021 жылға республикалық бюджеттен 174,9 млн.теңге субвенция бөлінді, 6 тасымалдаушы 9 маршрут бойынша субсидия алып отыр, олардың санын 15-ке дейін көбейтпекпіз", - дейді БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының өкілі.

Оның айтуынша, қазіргі күні желіде жүрген автобустар GPS қондырғыларымен жабдықталған, көпшілігінде кондиционерлер жұмыс жасайды, қыста пештері бар, карантиндік  шаралардың алынуына байланысты санитарлық талаптарды сақтап жұмыс істейді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу