БҚО-да Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының маңындағы трасса бойында жүретін "сары шашты қыздың" елесіне байланысты оқиға одан әрі дами түсті. Естеріңізге сала кетсек, жолдан өткен көлік иелерінен ақ көйлек киіп, шашын жалбыратын жіберген қыздың елесі көрінетіні жайлы шағым жиілеп кеткен. "Куәгерлердің" сөзі де триллер сюжетінен кем емес: елес біреуінің салонына отырып алған, біреуінің терезесін қаққан, тағы бірде "бісміллә" дегенде жоқ болып кетіпті. Жалбыршаш қыздың қасынан кемпірді "көргендер" де баршылық. "Елес" ауыл ақсақалдары мен жергілікті молда садақа бергеннен кейін де жоғалып кетпепті.
Енді облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасынан кейін оқиғаның мән-жайын анықтаумен тәртіп сақшылары айналысып жатыр.
"Қаратөбе аудандық полициясы елес көрдім деп мәлімдеген адамдармен сөйлеседі. Қазіргі күні интернетте таратылып кеткен бейнежазбаның анық-қанығын анықтап жатырмыз", - дейді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков. Сондай-ақ, жын-пері туралы жалған ақпарат таратқандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін. Анықталмаған деректер бойынша, Ханкөлдің тұсындағы жол-мыс деп көрсетіліп жүрген бейнежазба бұдан бірнеше жыл бұрын Ресейде түсіріліпті.
"Сары шашты қыздың" елесімен полицейлердің айналыса бастауы одан сайын отқа май құйып, әлеуметтік желілерде түрлі мемдер туғызуда. Кейбір роликтерде олар "Елес аулаған аңшылар" фильміндегі музыкамен қыздың елесін іздеп жүр, тағы бір қалжың суреттерде қызды ұстап алып, хаттама толтыртып қойған. Мұны "карантин кезінде халық түнгі 23:00 сағаттан кейін көшеге шықпауы үшін ойлап тапқан" дейтін "прикол" да кең тарауда.
https://www.youtube.com/watch?v=CutK6whjzP0&feature=youtu.be
Құралай Қуатова