Батыс Қазақстан облысының шаруалары да мал басын сақтаудың қиынға соққанын айтып, дабыл қағуда. Өңірдегі Жаңақала ауданының фермерлері ауданда төтенше жағдай жариялауды сұрайды,– деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл мәселе БҚО кәсіпкерлер палатасының өңірлік отырысында талқыға түсті. Белгілі болғандай, Жаңақала жерін де айналып өтпеген құрғақшылық мал басына қауіп төндіріп отыр. Жем-шөп тапшы. Бәрінен бұрын, су қоймалары құрғап қалып, малды суарудың өзі үлкен мәселеге айналған. Қыстан қысылтаяң шыққан шаруалардың ішінде малын сойып, сатып, азайтып жатқандар көп.
"Мен де малды сатып жіберер едім, бірақ, ол кепілде тұр. Мал аштық пен аурудан өліп жатыр. Ал мемлекеттен айтарлықтай көмек болып жатқан жоқ", – дейді шаруа қожалығының иесі Талғат Байкенов. Облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісовтың айтуынша, фермерлерге бөлінген субсидия әлі келіп жетпей жатыр, ал оларға банктен берілетін несие пайызы жоғары.
Айта кетейік, төтенше жағдай жариялауды сұрап отырған - облыстың Жаңақала ауданының шаруа қожалықтары. Алайда, БҚО-да қуаңшылықтың болғаны ресми түрде расталмаған, сол себепті олардың ұсынысы қалай шешілері белгісіз. Әзірге Жаңақалаға көрші аудандар көмектесіп, қолдау көрсетіп отыр.
Құралай Қуатова